Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының Индер ауданында кинозал ашылды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2019
  • 5432

Жастар жылындағы сый. Атырауда еліміздегі аудандар арасында алғаш рет  3 Д форматтағы заманауи кинозал іске қосылды. Облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта тұратын өндірісті ауыл тұрғындары енді соңғы шыққан фильмдерді уақытында көретін болады. Кинозал ашылуына орай Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі тегін көрсетілді.

Бүгін индерліктердің көңіл-күйі ерекше. Өндірісті өлке үшін тағы бір демалыс орны іске қосылды. Жастар орталығында 200 орындық заманауи кинозалдың ашылуын халық ерекше ықыласпен қабыл алды.

Айдос ТӘЖЕНОВ:
 
Бүгінде міне, қолжетімді. Ауданымыздың төрінде, ешқайда шығып әуре болмаймыз. Интернеттен ештеңе күтпейміз. Жай ғана кинотеатр залына келіп, көруге үлкен мүмкіндігіміз болып жатыр.

Құралай ИМАНҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Немерелеріміз бар, келеді, олар сұрап жүр қашан болады деп. Сұрап жүр келеміз. Қалаға барғанда каникулда көреді ғой. Енді ауылда көреді, біз соған өте қуаныштымыз.

Индер ауданы облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданда 33 мыңдай халық бар. Солардың үштен бірі аудан орталығында тұрады. Соңғы жылдары өндіріс орындары іске қосылып, жастардың көбі ауылда тұрақтаған. Сондықтан мұндай демалыс орны керек, - дейді аудан басшысы.

Мейірім ҚАЛАУИ, ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Осы кинотеатр ашылғаннан кейін Индер жастары үшін қала жастарымен терезесі тең болатындай  мүмкіндік туғызылады деп ойлаймын. Паркіміз салынатын болса,  сол жерде жастарымыз қыдырады, осы жерге келіп кино көреді.  Біз ойлаймыз Индерден бастау алған үлкен жұмыс барлық Қазақстанның ауылдық елді-мекендерінде жалғасын табады деп.

Низами МАМЕДОВ:
 
Бұл елімізде қаладан тыс жерде ашылған алғашқы заманауи кинозал. Үлкен қаладағы кинотеатрларда қандай жабдық қойылса, солардың бәрі бар. Лазерлік, сандық жабдықтар, 3Д форматты анық көрсететін үлкен экран.  Мұнда алты ай бұрын өтіп кеткен кинолар көрсетілмейді. Үлкен қалаларда қандай фильм жүріп жатса, солармен бірге көреді.

Кинозалдың ашылуына орай Ақан Сатаевтың  «Томирис» фильмі тегін көрсетілді. Елімізде қызу талқыға түскен тарихи фильмді көруге жиналғандарға зал әп-сәтте лық толды.

Б. Надирқызы