Русский Сайттың толық нұсқасы

Әйелін өртеген адам қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2019
  • 3466

Елордалық 43 жастағы азамат өз әйелін өртеп жіберді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз өкілдері хабарлады. Әйел адам аман қалғанымен, дәрігерлер болжамы нашар.Ерлі-зайыптылардың арасындағы оқиғаға не себеп? Асылбек Даниярдың репортажы. 

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:


Қанды оқиға елорда маңындағы дәл осы адам аяғын баспайтын жерде болады. Әйелі күйеуі өзінен кешірім сұрайды деген мақсатпен келе берген. Бірақ күйеуінің жоспары мүлдем басқаша болған. Әйелін көліктен түсіріп, үстіне жанар жағармайды құйып, сіріңкемен өртеп жіберген.


Күйіп қалған әйелдің аялдамада отырғаны туралы әлдекім қоңырау шалған. Оқиға күндіз 12-ге таман болған. Әйел дереу ауруханаға жеткізілген. Ал жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті қолға түсіпті.

Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда, осы дерек бойынша, барлық мән-жай анықталуда. "Кісі өлтіруге ұмтылу" деген баппен қылмыстық іс қозғалды. Осының аясында тиісті сараптамалар тағайындалды.


38 жастағы әйелдің 75 пайыз денесін күйік шалған. Келіншектің жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер, науқастың өмірі қыл үстінде екенін жеткізді.

Татьяна ЛЕБИГА, ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:


Келіншек ауыр халде жеткізілді. Денесіне едәуір зақым келген. Қазір жағдайына байланысты бірдеңе айту қиын. 3-4 дәрежелі күйік шалғандықтан, өмір сүріп-сүрмеуі белгісіз.

Ақ халаттылар, ауыр жағдайда жатқан әйелдің жанын сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Ал, күйеуіне қатысты "Адам өлтіруге оқталу" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Күдікті кінәсін толық мойындаған. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер ерлі-зайыптылардың өзара келіспей қалған деп отыр. Бірақ ер адамның не себепті мұндай қатыгездікке барғанын ашып айтпады. 

А. Данияр