Русский Сайттың толық нұсқасы

Арыстықтар бықси жанған көмір иісіне тұншығып отыр

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2019
  • 4828

Жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындары енді көмір иісіне тұншығып отыр. Арнамызға арызданған бірнеше тұрғын көмір қоймасындағы қатты отынның екі айдан бері бықсып жатып жатқанына шағым айтты. Әріптесім Айзада Төребекқызы Арысқа барып, бет-аузын тұмшалағандар мен есік-терезесін қымтаған халықтың жағдайын көріп қайтты.

 Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тұрғын үйлер мен көмір қоймасының арасы шамамен елу метрдей ғана. Санитарлық талаптарға сәйкес арақашықтық негізі 500 метрден кем болмауы тиіс екен. Қойманың түбіндегі жұрт жаз бойы қап-қара күйеге көмілсек, енді көк түтінге тұншығып отырмыз, дейді. 

Арыс тұрғыны Үкіжан Асанова немерелерін үйден адым аттатпауға тырысады. Себебі көзге көріне қоймағанмен аулада ны қара күйе қалықтап жүр. Терезені ашу тіпті мүмкін емес,- дейді ол.

Отын базасына таяу қоныстанған тұрғындардың сөзіне сүйенсек соңғы екі жылдан бері қоймадағы көмір бықсып жанатын болған. Екі айдан бері иіс үдеп кетіпті. Амалы құрыған халық бет-ауызын тұмшалап жүр. Тіпті бықсыған иістен ауру тауып жатқандарын айтты.   

Алтыншаш АСҚАРОВА,  АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жөтелім бар, бір жөтелсе тоқтамай жөтелетін, давлением де осыдан болды, неше жылдан бері тоқтамайды давление. Күні- түні иіс, қазір өздерің сезіп тұрған шығарсыңдар иісін, осы иіс кетпейді. Біз ғой мақұл,  төрімізден көріміз жақын болды. Мына балдар қалай өмір сүреді, келешегі қандай болад бұлардың?!

Отын базасындағы үйілген көмірлер біз барғанда расында бықсып жатты. Қоймадағылар оны су сеуіп өшіріп бағуда.  Тұрғындардың айтуынша көк түтін үш жүз метр жердегі үйлерге дейін тарайды. Тиісті мекемелерге талай шағымданыпты. 
 
Олжахан ЖҰТШЫБАЕВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әлі жалғастырып жатыр жұмысын, еш тоқтататын түрі жоқ. Үйде көмірдің иісінен тұншығып қап жатқан адамдар бар ғой, біз бұл далада өлейін деп жатырмыз да. Халықтың ортасынан құртсын бұны.

Көмір қоймасының қожайыны болса көк түтіннің шыққаны кеше деп отыр. Айтуынша бұл бюджеттің мекемелерге тиесілі отын. Арыстағы жарылыстың салдарынан тарату мерзімі кешеуілдеп, қордаланған отын өздігінен тұтатып жатқанын алға тартты. Мұнда шамамен 5-6 мың тоннадай көмір жатыр. 

Айнабек САЙЛАУОВ, КӘСІПКЕР:

Мекемелер әкетсе өздеріне барады, объем азайғаннан кейін бықсымайды. Объем көп болғасын арасында породалар қызып бықсытады, соны өшіреміз. Жер берсе біз көшуге дайынбыз. Қай жерден жер берсе, ыңғайлы жер берсе көшеміз.-Жерді кім беруі керек? -Енді әкімшілік қарастыруы керек қой жерді, біздің жеріміз жоқ қой басқа, бұл жекеменшік жер.

Десе де біраз уақытта бері жер сұрамағанын жасырмады. Ал жергілікті әкімдіктегілер бұл мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат беруге асығар емес.

А. Төребекқызы