Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда балаларды тәрбиелейтін мекеме тәрбиешісі дөрекі қылығымен жұртқа жақпай қалды

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2019
  • 2962

Тәртіпке шақырудың «тың тәсілі». Тараздағы «Үміт» бөбектер үйінде 30 жылдан бері тәрбиеші болып істейтін әйел жылаған жетім баланы осылайша жазаламақ болған. Қорғаныс балаларды бағатын мекемедегі дауға Данияр Әлімқұл үңіліп көрді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ: 

Тәрбиешіден теперіш көрген балақайдың жан даусы шығып жылаған бейнежазбасы желіге жедел тарап кетті. Бейнетүсірілімде оның жылаған баланы тезірек тиып тастау үшін, оны бірнеше қайтара жұлмалап жатқаны байқалады. Тәрбиешінің қылығы қоғамның қызу талқысына түсіп, жұрт мұны қатаңдық емес,  қатігездік деп сынға алды.


Жұрттың жағасын ұстатқан жағдай аймақ  атқамінерлерін де алаңдатқанға ұқсайды. Өйткені, шошынған шенеуніктер бірінен соң бірі бөбектер үйіне барып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы теріс қылығымен аты шыққан тәрбиешінің үстінен ішкі тексерісті бастаған.  Бірақ бұған дейін мұндай әрекетпен көзге түспепті.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ:

Қазір ол кісі жұмыстан шеттетілді. Тергеу амалдары біткеннен кейін шешім қабылданады. Бірақ біздің тараптан тексеріс нәтижесінде обьективті және әділетті шешім қабылданатын болады.

«Жазбаны жіті зерттеу керек». Резонасты жағдайға қатысты табанынан тік тұрған тәртіп сақшылары осылай деп отыр. Олар  бейнежазбаны тағы бір тексеретінін айтып, балалар мекемесіндегі  барлық бақылау камерасын шешіп алды.  Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Мақсат ЕРЕЖЕПОВ,  ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Қозғалған қылмыстық істің шеңберінде айтайын. 140 бап - ол «Кәмелетке толмағандармен тәрбие жұмысын дұрыс деңгейде атқармау». Бұның жауапкершілігі 3 айға дейін бас бостандығынан  айыру және 3 жылға дейін лауазымды қызметті атқармау.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Бөбектер үйінде дөрекі қылығымен көзге түскен әйел 54-те жаста. Ал, оның қолында  жылаған жетім  бүлдіршін  3 жастағы ұл бала екен. Дәрігерлерлер денесіне ешқандай зақым келмеген деп отыр.  Қоса кетейін,  «Үміт» балалар үйінде  тағдыр тәлкегіне түскен 64 тастанды бала тәрбиеленеді.  


Д. Әлімқұл