Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жас мамандардың жұмыс табуына жағадай жасалуда

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2019
  • 3058

Жас мамандарды жергілікті кәсіпорындар тәжірибеге қабылдауға дайын. Тіпті жалақы төлейді. Алматыда сәтті жүзеге асырылып жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты - жастар тәжірибесі. Жоба арқасында колледж және университет түлектері алғашқы жұмыс тәжірибесінен өтіп, қызметке тұра алады. 

Университеті аяқтап, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастардың бірі - Ерік Сүлетаев. Ол қызмет іздеп, түрлі мекемелер мен ұйымдарға да барып көрген. Бірақ, жұмыс берушілер жас маманның кем дегенде 2-3 жыл көлемінде тәжірбиесі болуын талап етіпті. Таяуда ол мемлекеттің жастарды қолдауға арналған арнайы бағдарламасы туралы естіп, бағын сынап көрмек болады. Жолы болып, жұмыс тауып, еңбек тәжірбиесі үшін ақы алып жүр.    

Ерік СҮЛЕТАЕВ, АЛМАТЫ қ. ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жобаны мен кездейсоқ естіп қалдым. Бардым, жастар тәжірбиесі бағдарламасы бойынша 20 компания маған жұмыс ұсынды. Соның ішінен бухгалтерлік саланы таңдадым. Бұл жастар үшін ұтымды жоба. Себебі, таныс-тамырды қажет етпейді.

Жастар практикасы - жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты. Оған бюджеттік және коммерциялық ұйымдар қатыса алады. Бағдарламаның артықшылығын қазірдің өзінде көптеген кәсіпорындар жоғары бағалап отыр. Өйткені тың жоба жұмыс берушілерге де және алты ай ішінде мемлекеттен жалақы алып, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайтын түлектерге де пайдалы.

Николай ФИЛИМОНОВ, ЖҰМЫС БЕРУШІ:

Осындай бағдарлама бар екенін естіп, жұмыспен қамту орталығына әріптестік жөнінде өтініш білдірдім. Жастар практикасы әсіресе, студенттерге тиімді. Қазір жұмыс берушілер тек қызмет өтілі бар азаматтарды ғана қабылайды. Ал мұнда сынақтық мерзімнен өтіп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасуға болады.

Тәжірибеден өту үшін тұрғылықты жеріңіздегі жұмыспен қамту орталығына хабарласу жеткілікті. Бастысы маманның жасы 29-дан аспауы керек.

Арайлым БЕКБЕРГЕНОВА,  АЛМАТЫ қ. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:


Бізге организациялар заявка береді, жастар мамандықдары бойынша. Сол бойынша, мамандарды жібереміз. Олар өздерінің иммено алған мамандықтары бойынша алғашқы тәжірибе алады. Сол бойынша, әрі қарай тұрақты жұмысқа тұрып кетуге өте мүмкіндік көп.

Бүгінде бағдарлама бойынша, 600-ге жуық қалалық кәсіпорын 5000 мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Осы жылдың өзінде жұмыспен қамту орталығы 933 түлекті тәжірибеге жіберген.

Ә. Асқарұлы