Русский Сайттың толық нұсқасы

«Nur otan» партиясы Үкімет мүшелерінің формализміне балта шабуы керек, - Е. Саиров.

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2019
  • 2529

Ел азаматтарының мұң-мұқтажын билікке жеткізу және ол өтініштердің орындалуын қадағалау тікелей «Nur Otan» партиясының міндеті. Саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тілшілерге берген сұхбатында осылай деді. Бүгінде партияға 800 000 адам мүше. Елбасы билікке жүктелген тапсырма тиісті дәрежеде орындалмаса, министрлерді есеп беруге шақыруға тиіс екенін атап өтті. Бұл арқылы партия мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына көмектеседі. Ал екінші жағынан олардың орындалуын қадағалайды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл партия - соңғы 20 жылдықтағы ең мықты саяси күш. Барлық сайлау осы партия арқылы өткізілді. Қазірде жұмыс жалғасып жатыр. Дамудың жаңа деңгейі келгендіктен, партияның міндеттерін қайта қарау да талап етіліп отыр. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА, ЖҮРГІЗУШІ:

Партия төрағасының мәлімдемесіне қатысты сұрақтарға жауап беру үшін саясаттанушы Ерлан Саиров студиямен тікелей байланыста. Кеш жарық, Ерлан Бияхметұлы! Елбасы партия өкілдері халыққа жақын болу керек, билік пен халық арасындағы алтын көпір болуы тиіс деді. Бұл мақсат қандай нәтиже беруі керек?

Ерлан САИРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Cәлеметсіздер ме! Ең негізгі мәселе - біздің елімізде аудандық, облыстық деңгейде әлеуметтік мәселелер көптеп күрмеленіп қалған. Біздер, міне, осы «Nur otan» партиясынан сайланған депутаттар, жергілікті жерде әлеуметтік мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысу керек. Егер де, әлеуметтік мәселе шешілетін болса, онда біздің елімізде саяси қоғамдық сипатта белгілі бір тұрақтылық пайда болуы ықтимал.


Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА, ЖҮРГІЗУШІ:

Нұрсұлтан Назарбаев нұротандықтар басқа партиялардан өз үстемдігін пайдаланып, үкімет мүшелерінен есеп алулары тиіс деді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

Ерлан САИРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Үкімет мүшелері көбінесе халықтың мәселелерін шешуде формальді түрде қарайды. Міне, менің ойымша, Nur otan партиясының ең негізгі мақсаты - осы Үкімет мүшелерінің мынау формализм деген мәселесіне балта шабуы керек.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА, ЖҮРГІЗУШІ:

Рахмет! Уақыттыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Ерлан САИРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Сіздерге рахмет!