Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 25 мыңнан астам үй жылусыз отыр

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2019
  • 2383

Қарағандыда екі жүзден астам көпқабатты үй мен 25 мыңдай жер үй жылусыз отыр. Қара суықтан берекесі кеткен олар көпқабатты үйлерге көмір тасып, пеш жағуға мәжбүр. Кеншілер қаласының шенеуніктері мұны жергілікті жылу қуат орталығының күші аздығымен түсіндіреді. Тұрғындардың қазіргі тірлігі туралы тілшіміз тарқатады.

Қала тұрғындары баспанасын пешпен жылытып келеді. Әсіресе, көп қабатты үйлердегілерге қиын. Сексеннің сеңгіріне шыққан Лидия Кувшинникова екінші қабаттағы пәтеріне шелекпен көмір тасиды. Жылынудың жалғыз амалы - осы.

Лидия КУВШИННИКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ағашты өзім жарып, жертөледен көмір тасимын. Әзірге ешкім көмектеспесе де, бұған күшім жетеді. Ертең бойымнан қуат кеткесін не боларын білмеймін.


Көмірдің үстінде отырған қарағандылықтар үшін қыс - жылдың ең қымбат мезгілі. Өйткені жарты жылға созылатын суықта отынға біраз ақша жұмсайды.

Бейбіт ЖҰМАБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Адамдар өз күнін өзі көріп отыр. Біреу пәтерін пешпен жылытса, енді бірі электр жылытқышты қолданады. Мұндай құрылғы қауіпті екенін түсінемін. Басқа амал жоқ әрі өте қымбатқа шығады. Пәтер көлеміне байланысты айына 40 000 теңге төлейтін кездер де болады.

Түңілген тұрғындардың ендігі үміті - көгілдір отында. Қазір өңірде 800 шақырымға созылған газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Энергетика басқармасының мамандары жылу орталығының жылуына жарымағандарға газ тартуды ұсынады. Жоба Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалалары мен жақын ауылдарды қамтымақ.

Данияр КӘРІБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Газдандыру арқылы бірнеше мәселе шешіледі: біріншіден, қуат үнемделеді, екіншіден, экологиялық ахуал да жақсарады. Әзірге 500-ден астам үйді орталық су құбырына қосуды жоспарладық.

Газдандырудың алғашқы легіне іліккендер желтоқсанның соңына дейін көгілдір отынның қызығын көреді.Әзірге бұл қызметтің құны белгісіз. Шенеуніктер Бобруйская көшесі газдандырудың бірінші кезеңіне ілікпегенін айтты. Демек Лидия әжей биыл да қыс бойы үйіне көмір тасымақ.

Е. Карин