Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда шатыры өртенген көп қабатты үй тұрғындары мектепке уақытша орналастырылды

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2019
  • 2197

Таразда шатыры өртенген көп қабатты үй тұрғындары мектепке уақытша орналастырылды. Олардың баспаналарынан бүгін өрт шығып, шатыры күлге айналды. Абырой болғанда адамдар дін аман. Дегенмен жауын-шашын кезінде шатырсыз қалған тұрғындар, болған жайтқа жергілікті билікті кінәлайды. Олар өрт тозығы жеткен электр сымдарынан болды деп отыр. Оқиға орнында болған Данияр Әлімқұлдың репортажы.

Әп-сәтте күлге айнала жаздаған көп қабатты үй осы. Тілсіз жауды көрген тұрғындар арасында есінен танып қалғандары да бар. 2 шағын аудандағы 17-ші үйдің шатырынан шыққан өрт, түс ауа тұтанған. Жел болмаса да қызыл жалын бірден жайылып кетті.   

Төтенше жағдай мамандары да оқиғы орнына жедел жетті. Олар 80-ге жуық адамды сыртқа шығарып үлгерді. Оның ішінде 20-сы бала. Жарақат алғандар да, күйіп қалғандар да жоқ. Қара күзде далада қалдық деп даурыққан тұрғындар жағдайға жергілікті билікті кінәлап отыр. 

ТҰРҒЫН:

Тоқтан шығып тұрған өрт бұл. Біреу апарып бесінші қабатқа өрт қойып жүрген жоқ қой. Енді бес баламен  далада қаңғып қалдық. Сол электр сымдарын дер кезінде істеген мұндай болмас еді.


Әкімдік болса, әр үйдің тоқ сымдарына жауап бермейтіндерін баса айтты. Дегенмен жалынды мамандар бір сағатта ауыздықтады. Әзірге оның неден тұтанғаны белгісіз. Құтқарушылар көп пәтерлі үйдің қасынан жедел штаб жасақтап қойған.

Талғат САБИРОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өрттің көлемі 840 шаршы метр. Пәтерлерге өрттен зақым келген жоқ, адам шығыны, зардап шеккендер жоқ. Болжам бойынша өрттің себебін жедел тексеру тобы құрылып, неден болғанын анықтайды.

Тентіреп қалдық деген тұрғындарға мектеп-интернеттан уақытша пана ұйымдастырылды. Атқамнерлер шатырды жөндеуге ақша бөлетіндерін айтты.

Бейсенбек ЖАНБОСЫНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өрт толық сөндіріліп біткеннен кейін анықталады кіргізуге болады ма, болмайды ма? Себебі бұл үй жарықтан, газдан барлығынан өшірілген. Судың қай қабатқа дейін өтіп кеткенін біз білмейміз. Электр құрылғылардың қандай жағдайда екенін біз білмейміз. Соның бәрін зерттеп болғасын біз шешім қабылдаймыз.

Айта кетейік, шатыры жанған баспана 40 жыл бұрын бой көтерген. Онда 80 пәтер бар.

Д. Әлімқұл