Русский Сайттың толық нұсқасы

Экология саласындағы идеалогиялық жұмыстар жүйелі жүргізілмейді

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2019
  • 2629

Экология министрлігі идеалогиялық жұмыстарды жүйелі жүргізбейді. Қоршаған ортаны қорғауда өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, шетелдік тәжірибені негізге алу қажет. Бұл туралы бүгін Парламент мәжілісінің отырысында экологиялық кодектегі өзгерістерді қараған депутаттар қауымы мәлімдеді. Экология министрінен өзге тағы кім сынға ілікті? Мәжіліс отырысынан Әлихан Асқарұлы баяндайды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Маратов қоршаған ортаны қорғау бағытындағы заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды. Бірақ, депутаттардың пайымынша одан министрдің өзі хабарсыз.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мағзұм Маратұлы, бұл заң жобасын сіз өзіңіз ұсынып отырсыз. Толық неге оқып шықпадыңыз? Құжатты ашыңыз, 2 бөлімінде жазылып тұр. Ал сіз ол талаптар жоқ дейсіз. Мінберде тұрсыз, мектеп оқушысы емессіз.

Министрдің баяндамасына көңілі толмады ма, депутаттардың бірі шаш үлгісін дұрыстаса, енді біреуі телефонға телмірді. Дегенмен Қуаныш Сұлтанов жастар арасында қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті жоқ екеніне алаңдады. 

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


Бұрын біздің осы техника, технологияға дейін кездердегі ауылдардағы тұрмыс қандай еді? Таң бозынан тұрған балалары алдымен, мал қорасын тазалайтын, есігінің алдын сыпыратын, содан кейін тіршілікке кірісетін. Енді оған қайтып кел деп айтпаймыз. Енді қаладағы өмірімізді жөндемейміз бе?! Кезінде біздің аға ұрпақтарда ауылдан келгенбіз. Сонда көшеге бір шырпыны көшеге тастауға ойласатынбыз.


Жиында Экология министрінен бөлек, Ұлттық Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов та сынға ілікті. Ол халық наразылығын тудырған шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке қатысты жауап берді.

Дархан ДІЛМАНОВ, ҚР ҰҚК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Кезек негізінен таңертең және кешке ғана болады. Ал, күндіз ешқандай мәселе жоқ.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Онда кезек көп болатын уақыттарда қызметкерлердің санын 2 есе арттырыңдар. Ал күндіз солдаттар ұйықтасын. Себебін білесіздер, енді осы мәселені жүйелі жолға қойыңдар!


Депутаттар ұлттық қауіпсіздік комитетінің маманына осындай кеңес берсе, «Мен жас министірмін, қызметке жаңа тағайындалдым», - деп ақталатын Экология министріне кәсіби біліктілігін арттыруға көмек береміз деді.

Ә. Асқарұлы