Русский Сайттың толық нұсқасы

Орта білімдегі проблемаларды шешсең, хатшың болуға дайынмын, Б. Тілеухан министр А. Аймағамбетовке

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2019
  • 3362

Орта білімдегі проблемаларды шешсең, хатшың болуға дайынмын. Білім мәселесі көтерілген Үкімет сағатында- депутат Бекболат Тілеухан,  министр Асхат Аймағамбетовке осылай, деді. Конституция бойынша жалпы, негізгі білім беру- тегін, бірақ ақылы репетитор жалдауға мәжбүрміз,- деген халық қалаулысы, көпшіліктің назын жеткізді. Сондай-ақ, отырыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы шикіліктер айтылды. Әлішер Өмірзақ жалғастырады. 

Үкімет сағаты Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның алғы сөзімен басталды. Ол орта білім беру жүйесіндегі шикіліктерден бұрын, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы алаңдатарлық мәселелерге тоқталды.

Гүлмира ИСИМБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мектепке дейінгі ұйымдарда бала тәрбиесімен және оларды оқытумен айналысатын қызметкерлердің 40 пайызға жуығында тиісті білімнің болмауы алаңдатады. Ал мектепке дейінгі білім беру бастауыш білім секілді - тұтас білім берудің негізі болып табылады.


Мұнан соң, мекетептегі роблемаларға тоқталды. Өткен ғасырда пайда болған интернетке, әлі де қосыла алмай жүрген білім ордалары  барын айтты.

Гүлмира ИСИМБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірақ 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалған. Интернеттің жылдамдығы мәлімделген жылдамдықтан әлдеқайда төмен мектептер де аз емес.

11 жылдық мектептердің проблемалар айтылып, талқыланғаны сол еді, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мәселесі көтерілді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:


1-ден 11 сынып аралығында толықтай жаңа бағдарламаға, бағалаудың жаңа жүйесіне көшкеннен соң, 12 жылдық білім бағдарламасын бастауымыз керек. Бұл тұрғыда оған көшудің бірнеше нұсқасы бар. Жалпы, бұған көшу шаралары бірқалыпты жүргізіледі. Осы орайда, 2021 жылды белгілеп отырмыз.


Министрдің жауап бергені сол-ақ еді, қайта сөз алған депутат былай деді:

Сергей СИМОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Егер алты жасында олар мектепке барса, онда 12 жыл оқиды, олар сонда 18-19 жастында аяқтайды ғой. Бізде жалпы әскери борышын 18 жасынан басталады. Сонда олар мектепті бітіргеннен кейін әскерге баруы керек пе, әлде жоғары оқу орнына түсуге тырысады ма?

Ал негізгі мамандығы тарихшы Асхат Аймағамбетов түлектің жасы 18 емес 17-ді болады деді.

Осы кезде Гүлмира Исимбаева есеп-қисапта кімдікі дұрыс екенін анықтай алмаған министр мен депутаттың арасына түсіп, өз нұсқасын ұсынды.

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанда баланың жасы 17, 18 не 19 болса да жоғары оқу орнына түсем деген баланы ешкім күштеп әскерге әкетпейді. Гүлмира Исимбаева осылай дегесін бұл сұрақтың нүктесі қойылды. 3 сағатқа созылған отырыс соңында сөз алған депутат Бекболат Тілеухан министрге орта білім берудегі проблемаларды шешсең, хатшың болуға дайынмын, деді.

Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде Конституция бойынша жалпы негізі білім алу ақысыз, бірақ жақсылап оқыту үшін репетитор жалдауға мәжбүр боламыз. Оқулық шығару жүйесін, мұғалімдер даярлауды қайта қараған жөн. Асхат, жақсы жігітсің, азаматсың. Енді осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, көмекші әрі хатшы болып баруға дайынмын.



Ә. Өмірзақ