Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалықтар жалақы алмағалы 4 айдан асыпты

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2019
  • 2934

Қызылорда облысындағы сурдоаудармашылар мен мүгедектердің жеке көмекшілері әкімдік алдына жиналды. Олар ақ адал жалақыларын даулап жүр. 4 айдан бері ақша көрмедік деген әлеуметтік қызметкерлерге, Шиелі аудан әкімдігі 20 миллион теңгеден астам берешек.

Азамат Шәбден сурдо аудармашы. Оның ата-анасы да, жары да 3-ші топтағы мүгедек. Отбасы 4 айдан бері қара су мен нанды қалжау етіп келеді. Жанына батқаны ол ғана емес, жалдамалы үйдің ақысын да төлей алмай отыр.

Азамат ШӘБДЕНОВ, СУРДОАУДАРМАШЫ:

Бір тиын ақша әкеле алмаймын, айлық алмағаныма төрт жарым ай болды. Қыс жақындап келе жатыр. Кішкентай қарындасым мектепке барады, киімін алуым керек. Квартирадан шығарып жіберейін деп жатыр. Қайда барам мен? Қарыздан қарызға кіріп отырмын. Қайтем енді?Ата-анамды асырауым керек.


Шиелі ауданындағы жарымжан жандарға көмекші болып жүрген әлеуметтік топ, әкімдігінің алдына апта сайын жиналады. Шу көтерген көпшілік мамыр айынан бері айлық көрмегендерін айтады. Жергілікті әкімдік болса, айлық төлеуге асығар емес. Тағаты таусылған тұрғындар аштық жариялауға да бел буған. 

 Жазира МЫРЗАБАЕВА, ЖЕКЕ КӨМЕКШІ:

Осы мәселе шешілмесе енді, барлығымыз енді, ымдау тілінің мамандары, голодовка жариялап, осы жерге келіп отырамыз.

Асылбек СМАЙЫЛОВ, «ҮМІТ» ҚҚ ТӨРАҒАСЫ:

Төрт ай бұрын осы мәселе көтерілген жаздынкүні, ол кезде де бәріміз осы жерде жүрдік. Ауданның басшылары мәселені шешеміз деді. Қазіргі таңда әлі берілмей отыр.

Жергілікті билік түйткілдің түйінін тарқатуға құлық танытыр емес. Жиналған жұртқа, сотқа жүгініңдер деп алаңсыз отыр.

Ағыбай ТӨЛЕГЕНОВ,ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ӘЛЕУМЕТТІК  БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӘНЕ АХАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен июнь айында келдім басшылық қызметіне. Маған дейін тендердің бәрі өткен. Бұл кісілердің айтып тұрған талаптары дұрыс шығар. Бірақ енді мен келісім-шарттан аттап кете алмаймын. Бұл кісілерге енді тек заңды органмен келісім-шартты сот тәртібімен бұзу керек.

Тендерді мүгедектерге арналған «Ұшқын» оқу-өндірістік орталығы ұтып алған. Барлығы 154 маманға 28 миллион теңге бюджеттен бөлініпті. Алайда бұл сомма жетпей қалды, деді серіктестік өкілдері.

Абзал МЕҢДИЯРОВ, «ҰШҚЫН» ОҚУ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2018 жылы декабрге дейін бюджет есептеліп, бөлінеді ақшасы. 28 миллионды біз ұтып алдық январь айында. Ал январьдан біздің тұнғыш Президентіміздің тапсырмасы 42 мың 500 теңгеге ең төменгі жалақы көтерілді. Біз осы сағатты есептеп барлығын заң аясында жасап отырмыз. 28 миллион ақшасы жетпей қалды. Қосымша қаражат бөліну керек аудан әкімдігінен. Бөлмей отыр.


Екі оттың ортасында қалған әлеуметтік қызметкерлер енді сотқа арыз жазуды қолға алды. Бар болғаны маңдай тер, адал еңбектің ақысын өндіріп алғысы келеді.

З.Санай, Ш.Сақтапова