Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауыты өнімін экспорттай бастады

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2019
  • 4129

«Бәйтерек» Холдингінің еншілесі - Қазақстанның Даму банкі қолдауымен салынған Қарағандыдағы ферроқорытпа зауыты өнімін эспорттай басады. 3- ақ ай бұрын ашылған өндіріс өнімнің бірнеше партиясын  шетелге жөнелтіп үлгерген. Зауыт қалдықтарының өзін қайта өңдеп, цемент, бетон өндірісінде қолданылатын бағалы қоспаға айналдырады.
 
Бұл - пеште 13 мың градус ыстықта қорытылған ферросилицийдің ең сапалы 75- інші маркасы. Ол - темір мен кремнийдің қорытпасы. Металлургияда болаттың сапасын арттыру үшін пайдаланылады. Әлемде жоғары сұранысқа ие. Қарағанды ферроқорытпа зауытының өнімін қазір жапондықтар алып жатыр. Кәсіпорын  4 мың тоннаға жуық ферросилицийді Жапонияға,Европа елдеріне, Түркияға экспорттап үлгерген.

Ерлан НЫҒМАТУЛИН, «YDD CORPORATION» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Барлық өнім 100 пайыз экспортталады. Ресей мен Еуропа елдеріне сатуды жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы 4- інші пеш істесе, осы саладағы әлемнің үздік бестігіне ілігеміз.

Өнімнің сапасы бірнеше химиялық зертханада тексеріледі. Құрамындағы кремний 75 пайызға жетуі тиіс. Өндірістік процессті цифрландырылған бақылау орталығының мамандары қадағалайды. Кәсіпорын білімді жастарды тартып жатыр. Зауыттағы 350-дей жұмыскердің көбі жас. Альбина Садықова - Мәскеуден оқып келген металлург. Қазір қытайлық мамандармен бірге жұмыс істеп жатыр.

Альбина САДЫҚОВА, ОПЕРАТОР:

Біз шикізаттан өнім өндіріліп шыққанға дейінгі барлық процестерді экраннан бақылап отырамыз. Автоматтандырылған жүйедегі тиісті көрсеткіштер сақталуы тиіс. Мұнда барлығы есептеліп, көрсетілген.

Бірегей зауыт экологиялық таза. Мәселен, ондағы газды тазарту жүйесі өндірістік шаңды 99,8 пайызға дейін қайта өңдейді. Сөйтіп қалдық цемент, бетон өндірісінде қолданылатын «микрокремнезёмге» айналады. Қоспа көлік жолдарының сапасын арттыруға пайдаланылады. Ол отандық компанияларға сатылады. Жаңа жобаның құны 36 млрд теңгеден асады, оның 66 пайызын Қазақстанның Даму банкі Индустриаландыру бағдарламасы бойынша несиелендірген.
 
Абай САРҚҰЛОВ, "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ең консервативті бағасы 1 мың доллар. Жылына 180 млн ақша пайда табу мүмкіндігі бар. Бұл табыс бүкіл Қарағанды облысына келіп түседі.

Аймақта өндіріске қажетті қор жеткілікті. Сондықтан ферросилицийдің 94% - ын отандық өнім құрайды. Зауыт бүгінде балқыту пештерінің сыртын қаптайтын қаңылтырларды да өзі шығарады. Алдағы бірнеше жылда жұмысшылар санын 5 жүзден асырып, тағы екі пешті іске қосу жоспарланып отыр. Ол кезде өнім көлемі де ұлғаймақ.

А. Қуаш