Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингін Бермуд үшбұрышына теңеді

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2019
  • 2490

"Ақша түседі де, жоқ болып кетеді". Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингін "Бермуд үшбұрышына" теңеді. Соңғы 5 жылда компания капиталы 500 млрд теңгеге толықса, тек өткен жылдың өзінде 400 млрд теңге шығын келтірген. Онымен қоймай, тағы да 60 млрд  теңге сұрап отыр. Мәжілістегі планерлық отырысқа қатысқан Әлішер Өмірзақ тақырыпты сабақтайды.

Осылай деген Мәжіліс төрағасы Ауыл шаруашылығы министрін «ҚазАгро» холдингі үшін тағы бір «сілкіп» алды. Ал жиынға қатысып отырған «ҚазАгро Холдинг» өкілі шығындарды компания құрылымын қайта қарау арқылы өтейтінін айтты.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, «ҚАЗАГРО» ХОЛДИНГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бізде барлығы шамамен 700 инвестициялық жоба бар, оның біразы проблемалық. Президент тапсырмасына сәйкес шығындарды қысқартып жатырмыз. Келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін қызметкерлер 1000 адамға азаяды. Басқару жүйесін өзгертіп, директорлар кеңесіне тәуелсіз сарапшылар шақырылады. 10-15 жылда келтірілген шығынды жабамыз.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин бүгінгі күні елде іске асырылып жатқан Жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігі туралы мәселені көтерді. Өйткені елдегі еңбек нарығындағы жағдай жақсарып жатқан жоқ. Осы бағытта жұмсалатын қаражат көлемін көбейтсе де, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып жатқан жоқ.

Дегенмен алдағы бес жылда ел қазынасының бүйірі,  мұнай өндіру көлемін артыру арқылы шықпақ.  

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннадан, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі оларды пайдалануға беру есебінен болады.

Жалпы Мәжілісте «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды. Оған 60-қа жуық түзету енгізілген еді. Құжат Сенатқа жол тартты.  

Ә. Өмірзақ