Русский Сайттың толық нұсқасы

Сириядан оралған айыпталушы әйелімен заңды неге тұрғысы келеді

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2019
  • 2087

Сириядан оралғандар жұбайларымен некесін заңдастыруды сұрап отыр. Бұл жайында түрмеде өткен кезекті сот отырысында белгілі болды. Енді олардың талаптары заң аясында қаралады. ДАИШ құрамында болды деген күдікке ілігіп, терроризм баптарымен айыпталып жатқан 14 ер азаматтың ісі қаралған сот жайлы әріптесім Әлихан Асқарұлы толықтарады.  

Бүгінгі сот отырысына айыпталушылардың жұбайлары келді. Айтуларынша мамыр айында елге оралған. Содан кейін жолдастарын көріп тұрғаны осы. Айыпталушы Данабек Төреханов ағасымен 2011 жылы Түркия арқылы Иранға, кейін Сирияға кеткен. 2014 жылы әйелін де сол жаққа шақыртыпты. Бірақ бүгінге дейін некесі заңды түрде ешбір жерде тіркелмеген. Енді осы олқылықтың орнын толтырмақшы.

АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ:

Мен күйеуіммен заңды некеде тұрғым келеді.

Сот процесіне қатысқан тағы бір айыпталушының әйелі әкесімен кездестіруге баласын да ала келген. Олар ерімен бірге 2011 жылы Дубайға, артынан Сирияға аттаныпты. Шам еліндегі әскери қақтығыстар мен тұрмыстың қиындығынан шаршаған келіншек әуелі күрдтерге беріліп, кейін «Жусан» операциясымен елге қайтарылды. .

АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ:
 
Намазымызды еркін оқып, мұсылмандардың арасында еркін өмір сүреміз деп бардық. Ол жаққа бару - адасушылық. Ол жаққа барғысы келетін адамдарға: «Ол ойларыңнан қайтыңдар!», - деп айтамын. Ол жақта қызығатын ештеме жоқ.

Ал, айыпталушы Газинур Бақытжанов осы жолда отбасына айрылған. Өзі әуелде бұл жолға жалғыз барған. Кейін ұлы да әкесінің артынан жолға шығыпты.  

Газинур БАҚЫТЖАНОВ, АЙЫПТАЛУШЫ:

Ол Сирияға 2015 жылы келген. Биыл Алла жолында қайтыс болды. Оны мен шақырған жоқпын. Тек шекарадан өтуіне ғана көмек көрсеттім. Менің Қазақстанға қайтатын ойым болмады. Себебі, жақындарымның барлығы сонда қалды, оның үстіне кетерден 3 күн бұрын әйелімді атып тастады.  

Адвокаттардың айтуынша, 14 күдікті, жасаған қылмыстарының деңгейіне сай 8 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалуы мүмкін.

Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:

Сириядан оралған 14 күдіктінің ісін сотта тыңдау процесі әзірге аяқталып, оларды арнайы көліктрде уақытша тергеу изоляторына алып бара жатыр. Сот ісін қайта тыңдау процесі, жалғастыру яғни 29-қазан күні жалғасатын болады.

 Ә. Асқарұлы