Русский Сайттың толық нұсқасы

«Аракс» танкерін мұнай қалдықтарынан тазалау басталды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2017
  • 3888

Ақтауда «Аракс» танкерін мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары басталды. Жоспар бойынша бұл іске екі апта кетеді. Алайда тазалау жұмыстарын жүргізуші компания басшылығы ауа райы қолайсыздық танытса, мерзімінен кешігуі мүмкін екендігін де жасырмайды. «Араксты» зиянды қалдықтардан арылту жұмыстары «Батыс Мұнай Транс» компаниясына жүктелген. Танкерді тазартуға тек осы кәсіпорын өтініш түсірген екен. Алдымен танкердің айналасы қоршалып, бекітіледі. Бұл мұнай қалдықтары төгілсе де, әрі қарай жайылуына жол бермейді. Күн сайын 100-150 тонна қалдықты сорып алатын арнайы техника бес рейс жасамақшы. "Аракста" шамамен 1000 тоннадай қалдық бар екен.

Айболат Асанғалиев, «Батыс мұнай транс» ЖШС қаржы директоры:

Мынарада тұрған 3 кеме тұр қазір. Бір баржы, бір танкер тұр, арғы жағында "Жаулы" деген, үшіншісі буксир. Ола ана баржыны сүйреп жүреді, кенеттен шығып кетіп жатса, су алған сайын көтеріледі ғой, сонда сүйреп алып шығып кетеміз. Морпортқа ма, Ерсайға апарып береміз. 

Бұл жерде экология департаментінің де мамандары жүр. "Аракс" қайраңдап қалғалы бері ауа мен судан сан мәрте сынама алынған. Кейін мамандар маусым айында қалдық көлемі қалыпты мөлшерден артқанын анықтап, ауадан алынған сынамадан метанның көбейгені мәлім болды. Ал қыркүйек айында жүргізілген соңғы зерттеулер жағдайдың қалыпты екендігін көрсетті.

Есенқос Әділбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

«Батыс Транс Мұнай» мекемесі тазалау іс-шаралар жоспарын жасақтады. Олардың болжамы бойынша 14 жарым күннің ішінде тазалап бітіреміз деп, бізге іс-шарасын берді.

«Аракстан» шығарылған материалдар арнайы полигонда залалсыздандырылады. Бұл ауқымды жұмысқа облыс бюджетінен 39 миллион 200 мың теңге бөлініпті. Осыған дейін хабарлағанымыздай, ресейлік «Аракс» танкері былтыр қараша айында Маңғыстау жағалауында қайраңдап қалған еді. Кейін кеме иесі банкротқа ұшырап, компания тарап кеткен. Ал кеме бортында Каспийдің бетінен сүзіліп алынған мұнай қалдықтары бар болатын.