Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда бүгін трамвайлар тоқтады

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2019
  • 2276

Павлодар - Қарағанды бағытындағы автобус жолаушылары жолдан қалды. Бұған жолаушыларға таласқан автобус жүргізушілерінің әрекеті себеп болды. Автобекеттің шығар жолын жауып тастаған қоғамдық көлік жүргізушісі, басқалардың жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүргенін айтты. Павлодардағы әріптесім Өзгеріс Қуанар тараптардың уәжін тыңдады.
 
Бірін бірі бөгеп тұрған мына екі автобус та қалаларалық бағыттағы қоғамдық көліктер. Бұл ерегеске олардың жолаушыларға таласуы себеп болған. Қарағандыға жолға шыққан автобустың жолын кескен Денис Князькин бұған шарасыздықтан барғанын айтады. Өйткені, бұл тасымалдаушы көліктер заңсыз жұмыс істеді - деп отыр.

Денис КНЯЗЬКИН, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Мен 102-ге қоңырау шалып, автобекеттен заңсыз тасымалдаушының жолаушыларды алып кетіп бара жатқанын хабарладым. Полицейлер келіп, көліктің арғы-бергі жағын қарап, кетіп қалды. Сондықтан мен екінші рет полицияға қоңырау соқтым. Бірақ, ешкім келмеді. Сол себепті, мемлекетттік органдардың назарын аударту үшін автобустың жолын жабуды ұйғардым. Бірақ, трамвай жолын жапқан жоқпын.

Текетірес бір жарым сағатқа созылған. Осының кесірінен Қарағандыға бет алған 30-дан астам жолаушы жолынан қалды. Мәселеге тәртіп сақшылары араласып, автобустарды айып тұрағына алып кетті.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Оқиға автобекеттің шыға берісіндегі дәл осы жолда болған. Мұнда автокөлік жолын трамвай рельсі қиып өтеді. Сондықтан автобустың жол үстіне тұрып қалуы қоғамдық көліктердің де қатынасына кедергі келтірді.

Полицейлердің айтуынша, Қарағандыға жолға шыққан қоғамдық көліктің құжаты болмаған. Сондықтан ол да заң алдында жауап бермек. Ал автобекет директоры болса, Қарағанды вокзалымен келісім жасалғанын айтып ақталды. 

Евгений ПИЛИПЕНКО, "АВТОВОКЗАЛ-СЕРВИС" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Кеше вокзал арқылы жекеменшік тасымалдаушы рейсті орындады. Ол заң жүзінде вокзалмен келісім-шарт жасасқан. Ал автобустың жолын жапқан ол да жекеменшік кәсіпорын. Бірақ, ол келесі күні жолға шығуы керек болатын. Яғни, бүгін.


Шенуніктердің айтуынша, Павлодар автовокзалы жолаушыларды жолдан қалдырмау үшін аталған кәсіпкерді қосымша рейс ретінде шығарған. 

Диана МҰХАНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде облысаралық бағыттарға тасымалдаушы компаниялар өзара келісім арқылы жұмыс істейді. Кеше тасымалдау №3 автобус паркінің кезегі болатын. Заң талаптары бойынша егер тасымалдаушы қандай да бір жағдаймен жолға шыға алмайтын болса, жолаушыларды тасымалдау басқа компанияға берілуі керек. Ол тасымалдаушы "Балтабаев" жеке кәсіпкерілігі.

Енді тараптардың мәселесін көліктің бақылау инспекциясы қарамақ.  Кімнің кімге кедергі келтіргені сонда анықталады деді шенділер.

Ө. Қуанар