Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда тағы да оқ атылды

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2019
  • 2516

Қарағандыда тағы да жолда оқ атылды. Көлігі зақымданған жүргізуші суық қаруды ойыншыққа айналдырған бұзақыларды ұстауды талап етіп отыр. Бұл осы айда тіркелген екінші оқиған. Тапа- тал түсте көшеде келе жатқан көліктің терезесіне белгісіз біреу травматикалық қарумен оқ атқан. Жапа шегуші бұл туралы әлеуметтік желіде жазды.

Жапа шегушінің айтуынша, оқиға Бұқар жырау даңғылы мен Чкалов көшелерінің қиылысында болған. Сағатына 10 шақырым жылдамдықпен бұрылып бара жатқан жүргізуші көлігінің артқы терезесіне белгісіз біреу оқ ата сала, ізін суытқан. Жәбірленушінің бейнежазбасынан кейін бұзақыны полиция іздестіріп жатыр.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұзақылық бабымен тіркеліп қылмыстық іс қозғалды. Бұзақыны анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Қарағандыда мұндай оқиға жиілеп кеткен. Еске салсақ, айдың басында белгісіз біреулер кешқұрым аялдамада тоқтап тұрған 4 бірдей автобусқа оқ жаудырды. Тапаншаның дыбысынан сасқан жолаушылар мен жүргізушілер жан-жаққа қашқан еді. Кейбірі психологтың көмегіне жүгінсе, кейбірі жеңіл жарақаттанған. Өкінішке орай, бұзақылар әлі ұсталған жоқ.

А. Қуаш