Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы метрополитен құрылысы тоқтап қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2019
  • 2339

Алматыдағы метрополитен құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені жаңа стансаларды салып жатқан «Алматыметроқұрылыс» компаниясының үстінен бірден екі қылмыстық іс қозғалыпты. Ал кәсіпкер өзіне қысым жасалып жатқанын айтып отыр. Бүгінде компания акцияларына арест қойылыпты. Бір қызығы, полиция мұның бәрін теріске шығарды. Жер астындағы дау туралы келесі материалда.

"Алматыметроқұрылыс" басшысының сөзінше, "Сарыарқа" мен "Достық" стансаларының құрылысы 80% аяқталды. Алдағы екі жылда пайдалануға берілмек. Бірақ мердігердің үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалғандықтан, бұл жұмыс аяқталмауы да мүмкін. Компания басшысының сөзінше, RBK банкінің арызымен алғашқы қылмыстық іс биыл наурыз айында қозғалған. Кәсіпорын банкке 36 млрд теңге қарыз екен. Бірақ доллармен берілген несиені теңгенің екі мәрте құнсыздануынан кейін қайтару қиындаған. Тығырықтан шығар жол іздеген мердігер өз компаниясының меншігіндегі мүлікті, соның ішінде салынып бітпеген тұрғын үй кешендерімен есептесуді ұсыныпты. Бірақ банк мұнымен келіспеген көрінеді.

Кайрат РЕИМОВ, «АЛМАТЫМЕТРОҚҰРЫЛЫС» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Құқыққорғау органдары біздің өтінішімізді ескерусіз қалдырып отыр. Яғни біреу бізді күйретуге тапсырыс берді деген сенімдеміз. Олар түрлі тәсілді қолданады. Сондықтан бұл қысымның немен тынарын білмеймін. Онда метро құрылысы тоқтап қалуы мүмкін.

Тергеу жүргізіліп жатқанын алға тосқан RBK банкі ақпарат беруден бас тартты. Қайрат Реимов екінші арызды қазақстандық танымал кәсіпкер Дінмұхаммед Идрисов жазғанын айтады. Оған «Алматыметроқұрылыс» 1,5 млрд теңге қарыз. Қайрат Реимовтың айтуынша, миллионер қарызды компания акцияларының 80 пайыз бақылау пакеті арқылы төлеуді талап етіп отырған көрінеді. Бірақ келісімшартта Ыдырысовқа акциялардың 40 пайызға жуығы өтетіні көрсетілген. Борышынан құтылуды көздеген құрылыс компаниясы дүние-мүлкімен есептесуді де ұсыныпты. Бірақ бұдан да түк шықпаған.

Джохар УТЕБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Біз оған қарыз компания кепілге қойған мүлікпен жабылғанын түсіндірдік. Бұл үшін сотқа барудың керегі жоқ. Яғни, мүлікті сат та, борышыңнан құтыл. Бірақ ол азамат бізден акцияның 80% беруді талап етті. Яғни ол «Алматыметроқұрылыс» компаниясына көз салып отыр.

Қайрат Реимов бұдан бөлек жарты жылдан бері құқыққорғаушылардан қудалау көріп отырғанын мәлімдеді. Сөзіне сенсек, осыған дейін кеңсесінің жанынан ұстап, тіпті туыстарының үйіне де тінту жүргізген. Тіпті компания акцияларына арест қойылды деп отыр. Бірақ полиция мұны теріске шығарды.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша іс қозғалуда. Қылмыстық іс «Алматы метро құрылыс» компаниясының өкілдеріне емес, «Инжинерная поддержка» серіктестігінің өкілдеріне қатысты. Білуімізше олар 80 пайыз акцияны иемденіп отыр. Сондықтан қылмыстық іске қатысты тиісті сараптамалар әзірленуде.

Дегенмен «Алматыметроқұрылыс» компаниясының басшысы тергеушілердің әрекетімен келіспейді. Енді ол арадағы дауды азаматтық сот арқылы шешпек. Әйтпесе метроның екі стансасы салынбай қалады. Амалы таусылған Қайрат Реимов мемлекет басшысынан, бас прокурордан және ішкі істер министрінен көмек сұрап отыр.

Е. Карин