Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауылдағы ата-аналар электронды күнделікке қол жеткізе алмай отыр

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2019
  • 3063

Ауылда ғаламтордың жоқтығынан ата-аналары электронды күнделікке қол жеткізе алмай отыр. Осылайша балаларының үлгерімдерін біле алмайды. Барлық аймаққа тән мәселеден парламент те хабардар. Сынға ұшыраған жаңа оқу жүйесі жайында тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Қызылжар ауданының Березовка ауылында байланыс сапасы нашар болған соң, ауыл тұрғындарының көбі жарты күнін шатырда өткізеді екен. Төбеден әсіресе ата-аналар түспейтін көрінеді. Балалардың сабақта алған бағасы мен үй тапсырмасын білу үшін ылғи смартфонмен ғаламтор іздеп, жүгіріп әлек. Елді-мекенде сыммен тартылған интернет те бар. Алайда, екінің бірі оның ақысын көтере алмайды. 

Татьяна ДЕРИНГ, АТА-АНА:

Барлық жұмысты сандық жүйеге ауыстырар бұрын жағдай жасап қою керек. Дәрігерге жазыламын десем де, баланың күнделігін қараймын десем де ғаламтор жоқ. Ауылда мобильді байланыс нашар. Ұялы байланыстың ғаламторы тиімді. Ал сым телефонның қызметі қалтамызды қатты қағады.

Электронды күнделік әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсіп жатыр. Тұрғындар жаңа жүйенің жетілдірілмегеніне налиды.

Әйел:

- Қағаз күнделікті қайтару үшін не істеу керек? Бізді қинай беруді тыю керек! Әбден жүйкеміз тозды

Жігіт:

- Келіншегім бүгін электронды күнделікке бірнеше кірген. Кейін «сіз қолданылу шектеуінен асып кеттіңіз» деген жазу шықты. Бұны қалай түсінуге болады?


Әйел:

- Электронды күнделікке бірнеше күн бойы кіре алмай отырмын. 502-ші қате шыға береді. Жаңа күнделік нашар. Үй тапсырмасы кейде сәйкес келмейді. Ал бағаларды тоқсанның соңында бір-ақ білеміз.

Елордалық мұғалімдер болса, жаңа жүйенің оңы мен солын таразылап отыр. Қағаздан көз ашпаған ұстаздар қазір жұмыстың әжептәуір жеңілдей түскенін айтады. Себебі, барлық оқу жоспары электрондық форматқа көшкен. Алайда, тың жүйе мінсіз емес. Техника кейде сыр беретін көрінеді.

Депутаттардың айтуынша, интерактивті қондырғылармен ауыл мектептерінің тек жартысы ғана жарақтандырылған. Ал жылдам интернет әрбір үшінші елді-мекенде ғана бар көрінеді.

Ирина СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Электронды күнделікке бөлек тоқталғым келеді. Кейбір ауыл мектептерінің мұғалімдері интернеттің тапшылығынан бұл жүйеге кіре алмай қиналады. Түнге дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбір жағдайда көрші ауылдарға баруға тура келеді. Білім саласының сандық жүйеге көшірілуі ұстаздардың жұмысын жеңілдетуі тиіс еді. Керісінше емес.

Сөйтіп, ауыл жұртшылығы билік тарапының бұл мәселені тез арада шешілуін тағатсыздана күтіп отыр. Себебі, қыста ғаламтордың жұмысы тіптен нашарлай түспек. Қолайсыз ауа райының кесірінен бұқара байланыстан мүлдем қағылып қалуы мүмкін.

А.Құрманкин