Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда тұратын 11, 13 жастағы балалар мектепке мүлдем бармаған

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2019
  • 1899

Нұр-Сұлтанда тұратын 11, 13 жастағы бір үйдің балалары мектепке мүлдем бармаған. Жасөспірімдердің анасы құжаттары болмағандықтан, оларды мектепке орналастыра алмай келеді. Бұл отбасының  жәрдемақы алуға құқығы бар. Алайда, олар одан да қағылып отыр. "Nur Otan" партиясы жанындағы "Балалар құқығын қорғау" кеңесінің тобы мұндай жанұяны арнайы тексеріс кезінде анықтаған. Сарапшылар бір апта бойы Бас қаладағы балалар құқықтарының қалай қорғалып жатқанын және қиындыққа тап болған азаматтардың жағдайымен танысты. Олардың пікірінше, мұндай мәселелердің қайта-қайта көтерілуі қалалық органдар арасында жүйелі байланыстың жоқ екенін көрсетеді. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отбасы істерімен айналысатын жеке орган құруды ұсынды.

Динара ЗАКИЕВА, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Балаларды мектепке қабылдамаған директор жұмысынан босатылды. Бірақ балалардың жағдайы қалай болды, сол күйінше қалды. Бұл жағдайды жергілікті учаскі де білмеген. Енді менде сұрақ туындап тұр. Басқармалар арасында осы мәселеге тікелей жауап беретіндер бар ма? Құжаттан бастап, мектепке дейінгі процестерге кім жауапты, айтыңыздаршы?

Ерлан КАНАЛИМОВ, НҰР-СҰЛТАН «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Нақты айтқанда, мұның барлығымен  жүйелі түрде айналысатын мемлекеттік орган жоқ.  Отбасы істері бойынша жеке Мемлекеттік орган құру керек деген мәселені көтергеніңіз  дұрыс болды. Себебі отбасы - бұл ауқымды мәселе.

Сарапшылар тобы  мектеп, жекеменшік балабақшалар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталықтары, колледждер мен ойын алаңдарының қауіпсіздігі тақырыптарын қозғады. 50-ден астам нысанды аралағандар әлеуметтік педагогтардың жұмысына шүйлікті.

Динара ЗАКИЕВА, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Ақпарат жоқ. Заңнаманы білу деңгейі төмен. Тиісінше, көмекке мұқтаж отбасылардың қажеттілігі қанағаттандырылмай қалып кете береді. Яғни мұндай отбасыларға мектептер қолдарынан келгенше көмектесіп отыр. Ал біздегі осы бағытта жұмыс істейтін ұзақ мерзімді бағдарламалар қайда қарап отыр?


Айта кетсем, "Nur Otan" партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің сараптамалық тобы 16 өңірде жұмыс жүргізді. "Бақытты отбасы" Жол картасы аясында 70-тен астам шара іске асты. Бұл жұмыстардың барлығы отбасылардың қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз орта құру, сондай-ақ учаскелік инспекторлардың, дәрігерлер мен мектеп психологтарының жұмысын үйлестіруге бағытталған. 

А. Мүтәлі