Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаулық стоматолог 3 күнге қамалды

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2019
  • 2535

Ақтауда мүгедек баланы күш қолдану арқылы емдеген тіс дәрігері үш күнге қамауға алынды. Дәрігерге мұндай жазаны әкімшілік сот тағайындады. Тіс дәрігер Төлеген Мұхамбетов сотта өз кінәсін мойындап, темір торға тоғытпауын сұрады. Бірақ сот оның өтінішін қабылдамады. Судьяның айтуынша, дәрігер баланың жарым жан екенін біле тұра, оның денсаулығына қасақана зиян келтірген.

Алтай ҚОНЫСОВ,  АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІК СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


Мұхамбетов Төлегенге қатысты ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73/1 бабының 1 бөлігімен әкімшілік іс қаралып, аталған құқықбұзушылық бойынша 3 тәулік мерзімге қамаққа алу жазасы қолданылды.


Бұл келеңсіздік туралы жалпақ жұртқа өткен аптада жария болды. Тіс дәрігерінің бөлмесіндегі емдік шара таспаланған жазба, әлеуметтік желіде тарап, көптің жағасын ұстатты. 7 жастағы сал ауруымен ауыратын баланы, анасы тісін жұлдыруға әкелген. Науқастың қорқынышын басудың орнына дәрігер жарымжан баланы әрлі-берлі лақтырып, күш қолданған. Осы жағдайдан соң, дәрігер жұмыстан шеттетілді. Жәбірленуші тарап жазамен келіспейді. Олар енді Төлеген Мұхамбетовты лицензиясына айыру туралы өтініш білдірді.

А. Данияр