Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі отбасы тар бөлмеде тұрып жатыр

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2019
  • 3365

Есігі бар, терезесі жоқ. Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі отбасы тар бөлмеде, өлместің күнін кешіп жүр. Баспана кезегіне тұрғанына жылдар өткен. Жеті жылдан бері Байсерке ауылдық округында орналасқан ескі саяжайдың бір бұрышы пана етіпті. Бірақ олардың бар екенінен жергілікті билік хабарсыз. Әсем Лесбек тарқатады.

Іргесі сөгіліп, едені тозған, тіпті терезесі де жоқ мына аядай бөлмені, тағдыр тәлкегіне түскен отбасыға, уақытша паналауға жергілікті тұрғын берген. Жалғызбасты Нұргүл Оспанғалиева жұмыс істемейді. Туғаннан мүгедектігі бар екі баласына қарайды. Отбасының күнкөрісі сол мүгедектік үшін алатын жәрдемақы ғана.

Нұргүл ОСПАНҒАЛИЕВА, БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мына жерде тұрып жатқаныма жеті-сегіз жыл болады. Үйдің кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды. Қашан мен үй аламын? Айтқан жоқ, ешкім ештеңе деген жоқ. Сіз кезекте тұрсыз ба, аласыз деп қоя береді болды. Қай кезде үйге жетеді екенмін деп ойланамын. Жуынатын жер жоқ.

Екінші топтағы мүгедек ұлы ағаш ұсталығы бойынша мамандық алған. Бірақ тұрақты жұмыс таба алмай жүр. 

Ернұр ЖАРМҰХАНБЕТОВ, ЕКІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Алмай қойды ғой жұмысқа. Мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді.

Бөлмеде аяқ алып жүру мүмкін емес. Суды сырттан тасып ішеді, ал жуынатын жер мүлде жоқ. Осы аядай бөлме тамақ ішетін де, ұйықтайтын да орын. 

Гүлнұр ЖАРМҰХАНБЕТОВА, ЕКІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Даладан су тасимыз баклажкамен. Ыстық су жоқ, пешке жылытамыз. Үй берсе екен, берулеріңізді өтінемін.

Отбасы үй кезегінің жылжымайтынына налиды. Жергілікті атқамінерлерден үміт үзген.  Алайда мұндағы билік бұл отбасынан хабарсыз болып шықты. Бізден естіген соң, танысуға барып қайтыпты. 

Асхат ҚАЖИЕВ, БАЙСЕРКЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Ішкі саясат бас маманы Ләйлә Берікқызы екеуміз бұл үйге бардық. Тұрғын үй Департаментінде үйде кезекте тұр. Үйдің кезегінің нөмірін анықтай алған жоқпыз. Өйткені өздері айта алмады. Округ әкіміне мен осы барып келген жағдай туралы әлі кірген жоқпын, ол кісі аудандық кеңесте болған. Кеңестен қазір келеді. Келгеннен кейін айтамын осы жұмысты.

Мүмкіндігі шектеулі отбасына пәтер қашан берілетінін әкімдіктегілер кесіп айта алмады. Бірақ жұмыс тауып беруге уәде етті. Қазір Жармұхамбетовтар отбасы қаржылық көмекке зәру. Отын-сумен қамданбақшы, одан бөлек шұрық тесік іргелерді бітеуге де көмек қажет. Ал қыс болса қыр астында тұр.
 
А. Лесбек