Русский Сайттың толық нұсқасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентіне "Абай жолы" романын сыйға тартты

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2019
  • 2563

15 жыл ішінде Ресей Қазақстанға 14 млрд доллар инвестиция құйған. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен өңіраралық ынтымақтастық форум кезінде мәлімдеді. Форумда екі ел арасында байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттар қаралды. Қос мемлекет арасындағы келіссөздер жайында тілшіміз баяндайды.

Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы 16-шы өңіраралық форум. Басты мақсат кедергілерді жою мен нарық қатынасын арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақыт аралығында екі ел арасында сауда-саттық пен әлеуметтік мәселелер қарқынды дамығанын айтты. Қазірдің өзінде қос елдің қатысуымен 10 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Екі жақты келіссөз кезінде мемлекет басшылары құны 40 млн долларды құрайтын тағы 8 құжатқа қол қойды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Біздің мемлекеттер арасындағы сауданың өсу қарқыны артып отырғаны өте жақсы. Біздің ынтымақтастығымыздың басқа бағыты өзара инвестициялар болып табылады. 2005-2018 жылдар аралығында Қазақстан Ресейге 4 млрд доллар инвестиция құйған. Енді мұны тек ғана арттыра түсу қажет.

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Ресей мен Қазақстан барлық негізгі бағыттар бойынша, сауда инвестициялары бойынша тығыз байланыста. Өткен жылы тауар айналымы 4,5% - ға артып 18 млрд долларға дейін ұлғайды.


Ортақ мүддені көздеп келген Қасым-Жомарт Тоқаевты ресейлік әріптесі Владимир Путин жылы қарсы алды. Салиқалы сипатта өткен жиында көшбасшылар барлық мәселелер бойынша пікірлес екендіктерін танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы елдімекендер мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейту және дамыту қажет. Қолданыстағы инфрақұрылым қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді. Сондықтан да алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Қалыптасқан трансұлттық дәліздерді ескере отырып, шекаралық өткелдерді жаңғырту қажет.

Ақмола облысы мен Ресейдің Хевел компаниясы қуаты 100 МВТ болатын күн электр станциясын салу туралы келісім-шарт жасасты. Жоба келер жылы жүзеге аспақ.

Ресми іс-шаралар аяқталған соң мемлекет басшылары"Эрмитаж-Сибирь"мұражайын аралады. Тіпті бір-біріне естелік сыйлық табыстады. Ресей басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа эксклюзивті шахмат жиынтығын сыйға тартты. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесіне Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының екі томын сыйлады. 

Ғ. Өтемісов