Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда жылқыларды азаптап өлтірген қасапшы ұсталды

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2019
  • 4281

Атырауда 4 жылқының азапталып өлтірлуіне байланысты арнайы комиссия тексеріс бастап, қылмыстық іс қозғалды. Адам жаны түршігерлік кадрлар әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Айуандықты таспалаған куәгер оқиғаның Махамбет ауданына қарасты Береке ауылындағы арнайы мал сою орнында екенін көрсеткен. Бейнекөрсетілімнің қашан жасалғаны белгісіз.  

Төрт түліктің төресін азаптаған бұл видеоны көру мүмкін емес. Қасапшылар жылқының басын темір балғамен бірнеше рет соғып құлатады. Сол жерден соққыдан сұлаған 4 жылқының жатқанын аңғаруға болады. Есіктің саңылауынан түсірілген бұл видеодағы мал сою орны - мынау. Махамбет ауданы Береке ауылында орналасқан. Таңертеңнен мұнда тексеріс жұмыстары басталып кеткен.  

Азамат АЙТҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Бұл жерде мал сою базасында технологиялық процестердің бұзылуы бойынша, біздің ветеренар мамандар тиісті жауапты мамандардан түсініктемелерін алуда. Сәйкесінше шарасы қолданылатын болады. Тиісте ережеде малды есінен тандыру деген бөлім бар. Шоковый электр тоғын қолдану арқылы. Бұл жерде әрине, мал мен жестокое обращение дейді ғой видеода осындай факт көрінісі бар. 

Мал сою орны басшылығымен тілдеспек түгілі, аулаға кіруге рұқсат жоқ. Цех өкілдері журналистерді жолатпады. Бұл жерден сойылған мал қаладағы сауда орындарына жөнелтіледі. Шариғат үкімі бойынша малдың аяқтары байланып, жерге жығылып, құбылаға қаратылып, сойылу керек,- дейді имамдар. Эммат Ғұмаров мал сою орындарына халал стандартын алуды ұсынған. Бірақ басшылық келіспепті. 

Эммат ҒҰМАРОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰСПАН МОЛЛА МЕШІНІҢ БАС ИМАМЫ, ҚМДБ ЖАНЫНДАҒЫ «ХАЛАЛ ДАМУ» ЖШС АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛІ: 

Басынан балғамен, балтамен соғып өлтіру, желкесіне біз тығып алу, көп мөлшерде токпен соғып құлату деген нәрсе болмайды. Қасапшы қолындағы пышағын малдың алдына жалтақтатпай, қаратуға болмайды,- дейді шариғатта. 

Дегенмен сатушылар мұндайдан хабардар болып шықты. Мал шариғатқа сай сойылуы үшін қосымша ақы төлейтіндерін жасырмады.  

ЕТ САТУШЫ: 

Біздер өйтіп ұрып сойдырмас үшін үстіне қосымша ақша төлейміз. Аяғын байлату үшін мың теңге ақшасын төлейміз. Халал қылып сойдыру үшін. Мен өзім мың теңге ақшасын беремін. Менің малымды өйтіп соймайды. Естімідім ғой, бірақ көрмеп едім. Бірінші рет көрдім. 

ЕТ САТУШЫ:  

Біз өзіміздің малымызды қалай сойып жатқанын, расында да көрген жоқпыз. Біздерге соятын кісіміз бар. Тасымалдаушымыз бар. Өздері сояды, айтады. Мысалы, мен мал сойдыратын болсам, мен ақшамды беремін намаз оқитын кісіге 1500 теңге. Ол кісі менің малымды сояды. Ал енді қалғанінікін қалай сойып жатыр, менің шаруам жоқ.  

Сатушылардың айтуынша, бұл жақында түсірілген видео емес. Дегенмен полиция аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғады.  

Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

ҚК 316 бабының бірінші бөлігімен, яғни жануарларға қатігездік жасау фактісі бойынша Атырау облыстық полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 

Қазір қатігез қасапшы ұсталды. Енді түсірілім қашан жасалғаны анықталады. Оқиға бұрын болса, іс қысқартылуы да мүмкін. Ал жылқылар азапталған мал сою пункті уақытша жабылды.  

Б. Нәдірқызы