Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтар коммуналдық түбіртекке қосылған жаңа қызмет түріне қарсы

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2019
  • 2414

Алматылықтар коммуналдық түбіртекке қосылған жаңа қызметті төлеуге қарсы. "Зерделі-6" ықшамауданының тұрғындары арнамызға шағымданды. Баспананың "күрделі жөндеуі" үшін, пәтердің әр шаршы метріне 50 теңге 5 тиыннан төлеу міндеттеліп отыр. Тұрғындар болса, мұның қажеттілігі жоқ, өйткені баспанамыз жаңа дейді. Әріптесім Әсем Лесбек мәселеге үңіліп көрді.  

Жеті баланың анасы Айдана Шүйіншәлиева коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге арналған түбіртекке өзгеріс енгенін бірден байқапты. Өйткені төлемдегі жалпы сомма көбейген. Әліптің артын бақса, ай сайынғы жарық, жылу, сумен бірге «Күрделі жөндеу» қызметі үшін ақы төлеу ұсынылыпты. Ол үш бөлмелі пәтеріне 4 мың теңгеге жуық ақша қосылғанын айтты.  

Айдана ШҮЙІНШӘЛИЕВА, ТҰРҒЫН: 

Біздің түбіртегімізде ол жоқ болатын. Накопительный деген болмаған. Квартплата келіпті, ашсам сол жерден көрдім , менің үш бөлмелі пәтеріме 4060 теңге 25 тиын келіпті. Менің айлық көрсеткішім жылусыз 40 мыңнан аса төлеймін. Ал енді қазір жылу қосылады 60 мың теңге қосылады. Перед фактом қойып отыр бізді, төлейсің деп төлемесең заңды сендерге пеня. 

"Зерделі-6" ықшамауданына тұрғындар төрт жыл бұрын көшіп келген. Нөмірі 144-ші әлеуметтік баспанада тұратын жұрт, күрделі жөндеуді қажет етпейтіндерін жеткізді.    

Жанар ҚАДЫРБЕКОВА, ТҰРҒЫН: 

Түбіртекке капитал.ремонтқа жинақ ақша деп шығыпты. Екі бөлмелі пәтерге 3226 теңге 40 тиыны мен. Сол не үшін? Біздің үйіміз жаңа үй ғой, біздің мұнда тұрғанымызға енді төрт жылдан асты. Менде жалғызбасты бес баланың анасымын. Бізде көршілердің бәрі сол көпбалалы анамыз, мүгедектер тұрады.

Шынымен бұл ықшауауданға әлеуметтік топ өкілдері топтастырылған. Оларға жауапты департамент жаңашылдықтың тиімді тұстарын тізіп берді. Әлі бұл "Тұрғын үй қатынастары" туралы Заңда тайға таңба басылғандай көрсетілгенін айтты.  

Мақсат САДЫҚОВ, «FACILITY MANAGEMENT» ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫ:  

«Күрделі жөндеуге арналған жинақ» бұл болашақта шатыр мен жеделсатыны ауыстыруға және басқа да жөндеу жұмыстарына кететін қаржы. Тұрғындардың неге төлем жасаудан бас тартып жатқандығын түсінбеймін. Жинақ банктен шот ашылып соған жиналады. Жиналған қаржы үш жылдан 10 жылға дейін сақталады.

Тұрғындардың бас ауруына айналған мәселені кооператив қызметкерлері жалпы жиналыста шешеміз деп сендірген. Ал әлеуметтік компанияның айтуынша, кооператив қызметкерлері аталмыш жинақ жайында тұрғындарға үш ай сайын есеп беріп отырулары тиіс. Онда қорда қанша қаражат жиналғанын және оның қайда жұмсалатынын тұрғындар біліп отруға құқылы екенін жеткізді.  

Ә. Лесбек