Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда тағы да мектеп оқушысы азғынның қолынан жапа шекті. Оған жол бергендер жұмыстарынан қуылды

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2019
  • 3325

Таразда оқушы азғынның қолынан жапа шекті. 7-сынып оқушысын бұрын сотты болған 38 жастағы азамат зорлаған. Сорақысы сол, айуандық мектеп аумағында болған. Шаһардың шеткері ауданындағы №6 білім ошағындағы жаға ұстатарлық жағдайдан соң ата-аналар жаппай шу көтерді. Бұған кім жол берді? Мектеп әкімшілігі қайда қараған? Тараздағы тілшіміз Данияр Әлімқұлдың репортажы.  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:   

Ағарту ошағында айтса ауыз бармайтын азғындық осыдан 3 күн бұрын болды. 6-шы мектептің жетінші сыныбында оқитын жеткіншек қыз сабақ ортасында сұранып, сырттағы әжетханаға барған. Сол сәтте оған тап берген азғын арам ойын іске асырыпты. Жаға ұстатарлық жағдайдан соң ата-аналар жаппай көтеріліп, жауаптылар жұмысынан кетсін деп шу шығарды.

Ашуға булыққа ата-аналар мектеп маңында көрінген көк атты емін еркін кіріп-шығатынына алаңдаулы. Өйткені, оқу ошағының сол жақ бөлігінде қосымша есік бар. Айуан да осы жерден ағарту ошағының ауласына кіріп, шарлап, арам ойын іске асырған.       

Елмира АСЫЛОВА, АТА-АНА: 

Осы жағдайды біз үнемі талқылайтынбыз. Осы әжетханадан қорқатынбыз. Осындай жағдай болады деп қорқатынбыз. Іштегі әжетханаға оқушыларды жібермейді.

Азғыннан азап шеккен оқушы жағдайды сынып жетекшісіне баяндап берген. Ал, геометрия пәнінің мұғалімі өзінен сұранған оқушыны жарты сағаттан аса кешіксе де іздемепті. Мектеп әкімшілігі ғимараттағы 20 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бірақ, оларды бақылайтындар, сол сәтте өз орындарында отырмапты. Осы салғырттық салдарынан директордың құқық ісі бойынша орынбасары қызметінен қуылды.  

Рахия ТҰРМАҒАНБЕТОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Камераға негізі вахтер мен мектеп инспекторы қарап отыру керек етін. Вахтер қарамаған, мектеп инспекторы жұмыс орнынан шығып кеткен. Соның салдарынан бір сағат бойы жүрген адамға ешкім назар аудармаған. Кезекшілік ұымдастыру туралы бұйрақтары да бар. Не ережде, не бұйырық орындалмай отыр. Соның салдарынан осындай жаман оқиғаға жол беріліп отыр. Геометрия пәнінің мұғалімі жұмыстан кетті. Вахтада отырған мен құқықтық завуч жұмыстан кетті. Енді міне директорды шығару мәселесі тұр.

Тәртіп сақшылары бір жарым сағат ішінде 38 жастағы күдіктіні ұстаған. Ол бұған дейін де ұрлық жасап, сотты болғаны белгілі болды. Қазір қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Полиция тарапынан мектеп инспекторы да жауапқа тартылмақ. 

  Бауыржан ӨТЕГЕНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Салғыртығы үшін әрі өрескел қателік жасағаны үшін мектеп инспекторына да қатаң шара қолданамыз. Полиция департаменті оның жұмысына жауапкершіліксіз қарағанын жоққа шығармайды. Ол кінәлілердің қатарында.  

Ашуға булыққа ата-аналар мектептерге күзет қойылсын деп әкімдік өкілдеріне талап қойды. Ал, қаскөйдің қолынан жапа шеккен жеткіншек қазір үйінде. Енді оған психологиялық көмек керек болатыны түсінікті.  

Д. Әлімқұл