«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы, өзіне қатысты жалған ақпарат таратқандарды сотқа бермекші. Бұл туралы аталған мекеменің баспасөз хатшысы хабарлады. Мәселеге әлеуметтік желіде тараған мына таспа себеп болды. Ер адам көңіл көтеру орнында ішімдік ішіп, балағаттап жатыр. Мұны таратқан адам өрескел мінез көрсеткен «Атырау» корпорациясының басшысы Марат Түсіпқалиев екенін айтқан.
Ал, Марат Түсіпқалиевтің өзімен сұқбаттасу мүмкін болмады. Оның баспасөз хатшысы басшылық іссапарда жүргенін айтты. Сондай-ақ ол бейнетаспаның корпорация директорына еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Бірақ желіде жалған ақпарат таратқандарды жазасыз қалдырмайтынын хабарлайды.
Шолпан СИСЕНӘЛИЕВА, «АТЫРАУ» ӘКК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бейнежазбадағы азаматтың түрі де, кескін-келбеті де «Атырау» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы төрағасы Марат Түсіпқалиевқа мүлдем ұқсамайды. Яғни оның дауыс ырғағы да, кескін-келбеті де келмейді. Осыған байланысты азаматтың жеке басына, қол сұққаны, яғни жалған ақпарат таратқаны үшін арнайы құжаттар дайындап жатырмыз. Сотқа беретін боламыз. Жалпы ол кісі жұмыста. Дәл қазір Нұрсұлтан қаласына жұмыс бабымен іс сапарға кетті.
Видеоның қашан және қай жерде түсірілгені белгісіз. Айта кетейік, 44 жастағы Марат Түсіпқалиев - Атырау облыстық мәслихатының депутаты. Жауапты орынға тағайындалғанына 2 жыл болған. Бұған дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Б. Надирқызы