Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бастап Солтүстік Қазақстаннан 10 мың адам көшіп кеткен

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2019
  • 2461

Солтүстік Қазақстанда халық саны азайып барады. Өңір тұрғындары жайлы өмір іздеп, шетелге ауып кетіп жатыр. Жыл басынан бастап 10 мыңнан астам адам жат жерге қоныс аударған. Бұл көштің негізгі себебі қандай? Билік тарапы оны тыю үшін қандай амал қолданып отыр? Мәселені аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин саралап көрді.  

Петропавл тумасы Надежда Сойдова есепші мамандағын иеленіп, 14 жыл бойы осы салада еңбек еткен. Ал жолдасы Ресейде мұнайшы болып қызмет етеді екен. Бірнеше жыл қатарынан екі елдің арасында қатынап жүрген ерлі-зайыптылар енді біржола қоныс аударуға бел буған.  

Надежда СОЙДОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен таза еңбегімнің арқасында кәсіпорын басшысының орынбасары лауазымына дейін жеттім. Бірақ жолдасымды енді басқа қызметке ауыстырып жатыр. Оның жалақысы жақсы. Әрине, туған жерімізді қимаймыз. Бірақ көшуге тура келеді.

Жыл басынан бастап Сойдовтар сияқты 10 мыңнан астам адам жат жерге кетуге ниет білдірген. Оның жартысынан астамы елдің өзге өңіріне қоныс аударса, қалғаны шетел асып кеткен. 

Жанар ҚЫЗБЕКЕНОВА, СҚО СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Ағымдағы жылдың 9 айында облыстан 10 400 адам көшіп, 6 мыңнан астам адам осында қоныстанған. Яғни облыс халқының саны шамамен 3 мың адамға қысқарған. Бұл былтырғы жылдан қарағанда 22 пайызға артық. Шетелге көшіп жатқандардың 98 пайызы Ресейге бет алады.

Халық санының қарқынды түрде қысқаруын Еңбек мемлекеттік бағдарламасы сәл де болса бәсеңдетіп отыр. Тек биылдың өзінде оңтүстіктен теріскейге 700 отбасы қоныс аударған. Ал бағдарлама іске қосылғаннан бері Солтүстік Қазақстанның халқы 5 мың адамға толыққан. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Күнгейден қоныс аударып келген азаматтардың көбі бүгінде пәтер жалдап отыр, ал жағдайы келгендері үйді өз ақшасына сатып алған. Кейбіреулері баспана мәселесіне әу баста тоқталған кезде, көшуден бірден айнып қалған болатын. Енді олардың ынтасын арттыру үшін биылдан бастап жергілікті билік соларға арнап осындай жер үйлерді тұрғыза бастаған.

Ержан МӘКЕН, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Көшкен азаматтарға үй жалға беріледі. Ай сайынғы төлемі 15 мың теңгеден аспайды. 5 жылдан кейін баспананы қалған сомасы бойынша жеке меншікке өткізуге рұқсат беріледі. Қазір 470 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2021 жылға дейін 2000 баспана салынады. Әрбір үйдің құны 7 миллион теңге.

Айта кету керек, жат жерге кетуге көбінесе жұмыс істеуге қабілетті жастар ынта білдіреді. Осыған байланысты өңір халқы қартайып барады. Ресми мәліметке сүйенсек, жасы 65-тен асқандар саны жыл сайын екі пайызға артып отыр. Қазір 44 мың қарт болса, жыл сайын 900-ге жуығы 65 жасайды.  

А. Құрманкин