Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында ауылдастар жарық пен су үшін жанжалдасып жатыр

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2019
  • 2663

Түркістан облысында Шұбарсу ауылының халқы өзара жанжалдасып жүр. Тұрғындар арасына жік салған электр мен су жүйесінің төлемдері. Ауылдастардың қырғи-қабақ бұл соғысы соңғы он жылда тіпті өрши түсіпті. Осылайша жергілікті жұрт екіге жарылып, соттасуға дейін жеткендерін айтады. Тұрғындардың бір тобы - шұбарсулықтар ауыз су және жарықпен жарылқадық десе, екінші бөлігі сол қызметтің құны мен сапасына көңілі толмайды. Тараптардың тартысын Айзада Төребекқызы тарқатады. 

Бұл араздасқан ауылдықтардың бірнеше жылдан бергі дауы. Мемлекеттің шарапатын көрмедік деген ел ауыз суды да, жарықты да әу баста өз күштерімен кіргізіпті. Сөйтіп оған өз араларынан жауаптыларды да сайлап қойған. Бірақ олардың әрекеті соңғы кездері күдік туғыза бастады дейді шуласқан халық. Тұрғындар жарық пен судың сапасыз жүргізілгендіктен жиі өшетені аздай, оған елден қымбат баға төлейміз деп мұң шақты. Судың текше метріне 30 теңге төлесе, қуат үшін қосымша 5 теңге қосатын көрінеді. 

Светлана УӘЛИХАНОВА? ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әбден күйдік, бізге мүлдем керегі де жоқ. Электроэнергиямыз қорғалмаған, қуат шығындалып жатыр, ұрлайтындар да бар бізде.

Ел сайлаған жауаптылардың уәжі басқа. Сөздеріне сүйенсек олар мұндағы жұртты ауыз су, жарықпен жарылқап келеді. Әкімдік өкілдерінің алдында жұмыстарының қиын екенін тізбектеп берген топ бұл міндетті еріккеннен мойнына алмағанын айтады. Тіпті бұл үшін көк тиында алмайтын көрінеді.

Дәметкен ЖӘНІБЕКОВА, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге өкімет бір тиын ақша бермеді. Біз өз қалтамыздан оны жөндейміз. Потерия болады. Холостой ход, налог соның бәрін біз ортамыздан ақша жинап, соның бәрі бір жылға есептейміз, бір жылға болатын нәрселерді шашамыз, сонымен ортадан бес алты адам отырып есептеп, соны шығарамыз. 10 мың теңге айлық алады, кассир осы әйел и мына жігіт 10 мың теңгеге жұмыс істейді.
 
Сеніміне селкеу түскен ел осы дауды шешіп береді деген үмітпен Ордабасы ауданының өкілдерін арнайы шақыртыпты. Алайда ақ-қараны ажыратады деп сенген шенділер мәселеге араласа алмайтындарын айтты. 

Азат ОРАЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Өздерінің арасында сенімсіздік пайда болып жатыр ғой мына жерде. Төрайымы дейді, кассирі дейді, пәлен теңге қаржы жинап, тиісті қаржының бәрі қайда кетіп жатыр деген мәселе. Оның бәрін тиісті органдар бар, анықтайды. Сөйтіп барып, тиісті жазаларын, тиісті шараларын  алу керек ол адам.

Соңғы он жылдан бері осылайша тартысып келе жатқан тұрғындар елге жік салған мәселені әкімдікке талай айтқан. Олар елді мекеннің суы мен жарығы әкімдіктің меншігіне алынса дейді. Атқамінерлер алдағы уақытта шешіледі деп сендіріп кетті. Шендінің сөзінше бюджеттен қаржы сұралған.

А. Төребекқызы