Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық 23 жастағы көлік ұрлаған жігіт екі адамды қағып кетті

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2019
  • 2736

Елордалық 23 жастағы көлік ұрлаған жігіт екі адамды қағып кетті. Жол ережесін бұзған  жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайына қаныққан әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай таңғы 6:58 шамасында болған. Дәл осы Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 2 адамды бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан қағып кеткен. 48 жастағы әйел оқиға орнында тілге келместен жап тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша күдікті көлікті ұрлап қашып бара жатқан.

Оқиға кезінде 48 жастағы әйелмен бірге 14 жастағы жасөспірім де болған. Ол қазір қалалық №2 балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр, оны аман алып қалу үшін мамандар жан таласып жатқанын айтты.

Біржан ДОСМАИЛОВ, №2 ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Таңғы сағат 7 жарымда бала жедел жәрдеммен ауруханаға әкелінді. Баланың жағдайы ауыр. Политравмалық жарақаттары көп. Сүйектері сынған, бас-ми жарақатын алған. Нейрохуруг, травмотолог, хирург мамандар баланың жағдайын өз бақылауында ұстап отыр.

Қаладағы мейрамханалардың бірінен мас болып шыққан 23 жастағы ер адам такси жүргізушісін соққыға жығып, автокөлігін айдап кеткен. Соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталды. Анықталғандай, күдікті алдында ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Қалалық Полиция департаменті бастығы күдікті 15 жыл бас бостандығынан айырылу мүмкін деп отыр.

Ержан СӘБДЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

23 жасар күдікті ұсталынып, ол біздің департаменттің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы әрекеттер бойынша біз 345 бап бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің "адам өліміне әкеп соққан, жол ережесі қағидасын бұзу" үшін осы автокөліктің иесіне шабуыл жасағаны үшін біз сот іс-әрекеттерін бастадық.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жол-көлік оқиғасы кезінде қайтыс болған 48 жастағы келіншектің 2 баласы бары анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

А. Данияр