Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауылда тұратын педагогтарға жеке үй құрылысы үшін жер берілмек

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2019
  • 2075

2021 жылдан бастап орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін оқу жүктемесі 18-ден 16 сағатқа қысқарады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы екінші қаралымда мақұлданды. Депутат Әбдіманап Бектұрғанов заң жобасы жастарды педагогикалық мамандыққа тартуға бағытталғанын айтты. Түзетулерге сәйкес енді педагог мәртебесіне нұқсан келтіргендер  әкімшлік жауапкершілікке тартылады. Мәжілісте қаралған қаулылар жайлы әріптесім Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Шортандылық жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмыс істеген. 2017 жылы үй кезегіне өтініш беріпті. 2 жыл өтсе де, кезек жылжымаған. Сондықтан ол басқа ауданға қоныс аударуға мәжбүр болған. Жас маман аты-жөнін айтуға құлық танытпады.

ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыс істедім бір жыл бойы. Содан кейін көктемде документтерімді тапсырдым. Шортанды ауданы бойынша. Бірақ кезегім мүлде жылжымады. Әр келген сайын, экономикалық бөлімнің мамандары кезегіңіз келген жоқ деп шығарып салады. Сол себепті басқа ауданға жұмысқа орналастым.


Бағдарламадан бағын іздеп, бабын таппағандарға тағы жеңілдік қарастырылмақ.  Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов ауылдағы педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік берілетінін айтты. Ол қаладағылар да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.  Енді «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағымен марапатталған мұғалімдерге мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік төлем тағайындалмақ.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогқа 3 лауазымды айлық көрсеткіші мөлшерінде сыйақы тағайындалады.

Мектепте оқушылар санының артқаны үшін директор жазаланбауы керек. Осылай деген Ирина Смирнова Білім және ғылым министрлігін қолдайтынын жеткізді.  Айтуынша, мектеп басшылары баланың сапалы білім алғанын қалайды. Сондықтан сынып тапшылығы туындағаны үшін оларға айыппұл салу заңсыз деп отыр.

Ирина СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


Мектептің қолжетімділігін қамтамасыз ету тікелей мемлекеттің міндеті. Оны үкімет шешуі тиіс. Тек, мемлекеттік білім беру орталығын салу әрине тиімсіз, сондықтан жеке білім беру ошақтарын салуға да жағдай жасап беру керек. Сонда мұндай мәселелер туындамайды.


Қабылданған құжатта педагогтардың құқықтары мен міндеттері де қарастырылған. 19 мақаладан тұратын заң жобасы жарты миллионнан астам педагог жұмысын қамтымақ.

Ғ. Өтемсіов