Оралда мүгедектер арасында тоғызқұмалақ, шахмат пен дойбы ойынынан жарыс өткізілді. Бұл шараны «Жас Отан» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Мейірбандылық айлығы» аясында қолға алған. Жарысқа қатысушылар - тірек-қимыл қозғалысы бұзылған және көру қабілеті төмен жандар. Осыған қарамастан олардың арасында қалалық, облыстық жарыстарда жүлделі боп жүрген азаматтар да бар екен. Ұйымдастырушылар ақыл-ойды дамытатын мұндай ойын түрлеріне мүгедектер қызыға қатысатынын айтады. «Швейцариялық жүйе» бойынша ерлер мен әйелдер арасында өткізілген жарыс жеңімпазына «Жас Отан» жастар қанатының атынан түрлі бағалы сыйлықтар табысталады. Жалпы Батыс Қазақстан облысында 24 мыңнан астам мүгедек тіркелген.
Нұрғали Жолдасқалиев, «Жас Отан» ЖҚ БҚОФ төрағасы:
Оларды мүмкіндігі шектеулі жандар
ретінде емес, қоғамның бір мүшесі ретінде қарастыруымыз керек деп есептейміз.
Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шараларымыз бар. Алдағы
уақытта олар жалғасын табады.