Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде жүріп бара жатқан пойызбен селфи түсірмек болған бойжеткен қаза тапты

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2019
  • 3837

Ақтөбеде жүріп бара жатқан пойызбен селфиге түспек болған бойжеткен қаза тапты. Қатты екпінмен келе жатқан жүк пойызы тоқтап үлгермеген. 19 жастағы қыз бала дереу аруханаға жеткізілген. Бірақ басынан алған ауыр жарақаттан айықпастан, жан тапсырған.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға тап осы жерде түнгі сағат онның шамасында болған. Жүріп бара жатқан пойызбен суретке түспек болған бойжеткенді тепловоз қаққан. Пойыз тоқтап үлгермеген көрінеді.


19 жастағы бойжеткеннің басы жарылып, іш құрылысы жарақаттанған. Көп қан жоғалтқан. Дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасағанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Сәкен ҚАПАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
 
Екі сағаттан кейін операцияға алынып, талағы жарылған. Бір литрден артық қан кеткен. Сол операциядан кейін жансақтау бөлімшесіне тағы екі сағат ем алып, таңғы 4-5 шамасында науқас қайтыс болды. Алған жарақаты өте ауыр. Өлім себебі бас жарақатынан болды.

Бақилық болған бойжеткен Ақтөбедегі жоғарғы оқу орнының екінші курс студенті. Сол сәтте оның жанында құрбысы болған. Ол дін аман. 

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Екі қыз келе жатқан пойыздың аясында селфи түсіріп, нәтижесінде қыздардың бірін пойыз қағып кеткен. Зардап шегуіші Ақтөбе қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізіліп, сол жерде таңертең көз жұмды.

Темір жолшылар бұл аумақта жастардың поезбен суретке түсу оқиғалары көп болатынын айтты. Тіпті кейбір бұзақылар пойызға тас лақтырады дейді. Сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыз дереу тоқтай алмайды. Ал, тоқтау үшін 800 метр жерден жылдамдықты азайту қажет, деді.

Людмила ҒАБДРАХМАНОВА, ТЕМІР ЖОЛ ӨТКЕЛІНДЕГІ КЕЗЕКШІ:


Балалар былай кетіңдер пойыз келе жатыр десең» тыңдамайды. Мазақтап пойыздың алдына шығып алады. Қайта қайта өтеді. Бір нәрсе салады тас салады.

Мамандар өз қауіпсіздігі үшін қам жемейтін жастарға алаңдайды. Аймақта қанша адам теміржол бойында қаза болғаны белгісіз. облыста биыл тек жаяу жүргінші жолдарында 300 адам зардап шегіп, 17 қаза тапқан.
 
Б. Рахметова