Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қандаланы уламақ болған ана мен бала жансақтау бөлімінде

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2019
  • 2812

Алматыда үйлерін қандаладан залалсыздандыру үшін улы дәрі қолданған 2 адам жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер ана мен баланың жағдайын ауыр деп бағалады. Тыныс жолдарына зақым келген. Қалалық тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл отбасының үйді тазарту кезінде сақтық шараларын ескермегенін айтты. Тілші әңгімелейді.

Алматыдағы қалалық жедел және шұғыл көмек көрсету орталығына 32 жастағы ер адам осыдан бір апта бұрын түскен. Ес-түссіз халде жеткізілген азаматты дәрігерлер бірден жансақтау бөліміне жатқызыпты. Ақ халаттылар көп ұзамай оның зейнеткер анасы да жәндіктерді жоятын дәрілік құралдан уланып ауруханаға түскенін айтты.

Гүлмира ТОЙБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ШҰҒЫЛ КӨМЕК КӨРСЕТУ АУРУХАНАСЫ ТОКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бірінші желтоқсан күні кешкі сағат бестер шамасында 32 жасар ер адам біздің орталыққа жедел-жәрдеммен жеткізілді. Ес-түссіз түскен азаматтың қазір өкпесі істен шыққан. Анасының да жағдайы солай. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратымен жатыр.


Дәрігерлер екі науқастың алдағы жағдайы жайлы алдын-ала болжам жасай алмайтындарын айтып отыр. Себебі отбасы мүшелері жәндіктерге арналған дәрі-дәрмекті қауіпсіздік ережелерін сақтамай қолданған дейді. Ал тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті олардың «Палач» деп аталатын ресейлік өнімді қолданғанын айтты.

Айзат МОЛДАҒАСИМОВА, АЛМАТЫ қ. ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛГЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫН ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Өнім нұсқаулығында оны тек үйде ешкім жоқ кезде, бөлме терезесін ашып қойып қолданылу керек екені жазылған.

Қандаланы улайтын "Палач" дәрілік заты қолданылғанын полицейлер де растап отыр. Ал оның құрамында адам денсаулығына зиянды заттар бар.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ, Департамент өкілдері аталмыш өнімді қолданарда үйдің есік-терезелері ашық тұруы керек еді дейді. Әрі дәрі себілген барлық жер сабын мен сода ерітіндісімен тазалалануы қажет. Дегенмен сақшылар дәрілік затты зертханалық тексерістен өткізбек.


Ә. Лесбек