Русский Сайттың толық нұсқасы

Кейбір аймақтарда картоп бағасы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2017
  • 4615

Аймақтарда картоп бағасы шарықтап кетті. Күн сайын 10, 20 теңгеден қымбаттаған көкөніс құны кейбір өңірде екі есе өскен. Алматыда тіпті 200 теңгеге дейін жеткен. Тіпті картоп мол өндірілетін Павлодар мен Қостанайда да қымбатшылық байқалып отыр. Тілшілеріміз тікелей байланыста. Әсемгүл, Павлодарда картоптың келісі қаншаға сатылып жатыр?

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Ия, картоптың отаны саналатын Павлодарда да баға аспандап тұр. Өнімнің бір келісі дүкен сөрелерінде 90 теңгемен саудалануда, - деп сендірді шенеуніктер. Бірақ, шын мәнінде, екінші нанның құны 100-120 теңгенің аралығына тұрақтаған. Тұрғындар жуық арада баға әлі де қымбаттайды деп алаңдайды.

Мен соңғы рет 120 теңгемен алдым. Зейнеткерлер үшін бұл өте қымбат баға!

Картоп - екінші нан ғой. Оның бағасы апельсин құнымен теңескенде, енді өте қиын. Қалтаға ауыр.

Павлодар үшін биылғы түсім молынан болды. Шаруалар 460 мың тонна картоп жинап алған. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпарға сәйкес, облыстың қажеттілігі 75 мың тоннаны құрайды. Сондықтан өңірде көкөністің бұл түрі жеткілікті,-дейді мамандар. Бірақ бағаның құбылуы бар. Бұған экспорт көлемінің артуы сеп болған.

Төлеген Көшербаев, Павлодар қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл оңтүстік өңірлерде картоптың шығымы аз болды. Бұрындары Өзбекстан, қырғыз елі мен Алтай өңірінен біз сатып алатынбыз. Қазір біздің өнім көп мөлшерде оларға сатылуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда экспорт көлемі 4 есе көп.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар нарықта қалыптасқан бағаның тауар өндірушілер үшін тиімді екендігін жасармады. Алайда, қымбаттау қарапайым бұқараның қалтасын қарып тұр. Алдағы уақытта ахуал күрделенбес үшін әкімдік жергілікті шаруалармен меморандумға отырған. Кәсіпкерлер 10 мың тонна картопты белгіленген бағамен босатуға міндеттеніпті. Аталған өнім әлеуметтік дүкендер мен ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде саудаланатын болады. Өнім Қостанайда да қымбаттапты. Заңғар, себеп қандай?

Заңғар Санай, тілші:

Ия, екі апта ішінде 45 теңгеге қымбаттады. Қазір картоптың бір келісі 100 теңгеге жетіп отыр. Картоптың бір келісі жыл сайын осы мезгілде 60 теңгеден аспайтын - дейді сатушылар. Алайда күз басталғалы көкөністің бұл түріне Ақтау, Атырау, Ақтөбе секілді аймақтардан сұраныс көп болған. Сондықтан шаруалардың көбісі биылғы өнімін алқап басында саудаға салған көрінеді.

Балзия Төкенова, сатушы:

Картоптың бағасының өскені бізге өте көп бермейді, аз береді. Шаруалардың бәрі Атырау, Ақтау сол жаққа жіберіп жатыр.

Ал шаруалардың айтуынша, азықтың қымбаттауына жанар-жағармай мен Ресейден жеткізілетін өнімнің бағасы әсер етіп отыр. Сондықтан бағаны өсіруге мәжбүрміз, - дейді.

Владимир Семейкин, шаруашылық қожалығының басшысы:

Басында 55 теңгеден сатқан болатынбыз. Қазір картоптың келісі 100 теңгеге жетті. Жоспар бойынша қазан-қараша айында сатылатын көкөніс көлемі қазір бітіп қалды. Сауданың қарқынына төтеп беру үшін өнімінің құнын көтеруге мәжбүрміз.

Ауыл шаруашылық басқармасы биыл азық-түлік тұрақтандыру қор көлемін 2000 мың тонна картопқа ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Тұрақтандыру қорындағы көкөніс жәрмеңкелер мен әлеуметтік дүкендерде сатылатын болады.

Сайлаугүл Сатыбалдина, Қостанай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы:

Тұрақтандыру қорына картоптың бір келісін 70 теңгеден сатып алу жөнінде шешім бар. Кейін 80 теңгеден саудаға түседі.

Заңғар Санай, тілші:

Күз айында күрт көтерілген картоп бағасы  әлі де қымбаттауы мүмкін дейді - сатушылар. Алдағы уақытта азықтың бағасы екі есеге өседі деген болжам жасап отыр. Диана, Астанадағылар не дейді?

Диана Сапарқызы, тілші:

Ауыл шаруашылық минситрлігінің ақпарынша, картоп тапшылығы жоқ. Керісінше, биыл картоп былтырғыдан көп егілген. Сондықтан ол жеткілікті деп отыр. Биыл Алматы облысы 594 мың тонна ең көп егінді жиып алған. Одан кейін Павлодар 483 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы 426 мың , ал Шығыс Қазақстан облысы 415 мың тоннаны картоп өнімін жиып алған. Көш соңында Атырау облысы, 23 мың тонна ғана картоп жинапты. 

Айнагүл Өміртаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаментінің сарапшысы:

Елде қазір отандық картоп толық қамтылған. Ешқандай тапшылық жоқ. Елімізде Павлодар, жалпы Солтүстік аймақтарда картоптың өнімі ауқымды болып тұр. Сондықтан жұртшылыққа ешққандай аландаушылықтың жоқтығын айтқымыз келеді.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі жұртты сабырға шақырып жатыр. Өнім бағасы неге қымбаттады деп сұрап едік, ол біздің құзыретімізге жатпайды деді. Оксана...

Рахмет, Диана. Бұл тақырып кеңірек сенбі күні «Біздің уақыт» апталық-сараптамалық бағдарламасында тарқатылатын болады.