Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттік кадрлық резерв іріктеуіне 330 қатысушы өтті

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2019
  • 1734

Президенттік кадрлық резерв іріктеуіне 330 қатысушы өтті. Оған 13 мыңдай адам қатысқан. Ақтық сынға өткендер елдегі жоғары мемлекеттік, басқару лауазымдарына бір табан жықандады. Бірақ бұл соңғы тізім емес.

Ержан Абыханов - "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Отандық мұнай саласында 15 жылдық еңбек өтілі бар. Танымал энергетикалық компанияның техникалық директоры қызметін атқарып жүріп, жайлы орынан мемлекеттік қызметке ауысқан. Қазір ол Энергетика министрлігінде департаментті басқарады. Бұған дейін Ержан жастардың президенттік кадрлық резервінің іріктеуіне қатысып, финалға жетуді көздеген.

Ержан АБЫХАНОВ, ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ҮМІТКЕР:
 
Мен финалдық кезеңге жеткенімде, дұрыс жолда екеніме деген сенімділік пайда болды. Бірақ әлі де алар асуым көп. Спорттық құмарлық пайда болды. Талқылау барысында менің ескермеген дүниелерімді байқадым. Жанымдағы жігіт бәрін байқап қойған.


Ержан кәсіби тұрғыда дамып қана қоймай, отбасын да ұмыт қалдырмайды. Ол 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке.
 
Президенттік кадр резервіне қабылдану үшін 13 мыңнан астам адам өтініш берген. Финалға 330-ы ғана өтті. Оның ішінде ұлттық компания қызметкерлері мен шетелде тұратын қазақстандықтар да бар. Сайдың тасындай іріктелетін ендігі тізім тағы 30 үміткерге кем болады. Қорытынды жыл соңында жарияланады. 

Жанна БАСТАРОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақтық кезеңге өткендердің 223-і квазимемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері. 107 қатысушы - мемлекеттік қызметкер. Кандидаттардың 58% -ның шетелдік білімі бар. Олардың арасында қазіргі уақытта Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей, Түркия және Әзірбайжан елдерінеде еңбек етіп жүрген азаматтар да бар.

Сараптамалық комиссия құрамында - Президент Әкімшілігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және "Самұрық-Қазына" корпоративтік университетінің өкілдері бар. Сондай-ақ, іріктеуге сыртқы бақылаушылар қатысады. Олар жұмыстың объективтілігі мен ашықтығын қадағалайды.

Данияр ӘШІМБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ, ІРІКТЕУДІҢ СЫРТҚЫ БАҚЫЛАУШЫСЫ:

Комиссия тарапынан ешкімді құлатып, не болмаса көтермелеу болған жоқ. Сұрақтар объективті әрі бейтарап болды. Қандайда бір қысым немесе тікелей шығару көрмедім.

Комиссия мүшелері қатысушылардың нәтижелерін дауыстап талқыламайды.  Олар осылайша бір-біріне өз пікірі арқылы ықпал ету мүмкіндігін жоймақ.

А.  Мүтәлі