Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетінеп кеткен 9 айлық баланың ата-анасы тексеріс жүргізуді талап етпек

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2019
  • 4935

Нұр-Сұлтанда 9 айлық нәресте қызылшаға қарсы екпеден кейін қаза тапты. Осылай деген анасы екпеден соң баланың мазасы қашып, бір аптадан соң шетінеп кеткенін айтты. Дегенмен дәрігерлер баланың туабітті жүрек ақауы болған деді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тексеріс бастай алмай отырғанын мәлімдеді. Мән-жайды Әлішер Өмірзақ тарқатады.

Аймахановтар отбасы Әминаны 6 жыл күткен. Ата-ана "нәрестемізден қапыда көз жазып қалдық" деп қан жұтып отыр. Өйткені баланың бұған дейін еш жері ауырмапты. Анасының айтуынша, қылық шығарып, былдырлай бастаған бала қызылшаға қарсы екпеден соң нашарлап, ақыры шетінеп кеткен.

Марина ШАЙМАХАНОВА, ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Тоғыз ай көтеріп аман есен босандым. Ол кезде де дәрігерлер баланың дені сау екенін айтты. Енді қайтыс болған соң жүрегінде ақауы бар болған, өліміне сол себеп болды деп отыр дәрігерлер. Сап-сау, тісі шығып, еңбектеп келе жатқан еді ғой. Екпе еккен соң мазасы қашты. Ешкімді кінәламаймын, дәрігерлерді де міндеттейді. Бірақ баламның жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды дегеніне сенбеймін. Ақиқатын білгім келеді.

Баланың әжесі вакцина жасаған емхана баланың құжатын жоғалтып алған деп отыр. Ал ауру тарихы туралы берілген құжат өзгертілген деп көрсетті. Күдік тудырып отырғаны - осы.

Айман АХМЕТОВА, ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ:

Мына картасында 11-ші участік деп қойыпты, оның қапталына 45-деп жазып қойыпты. Басқа біреудің фамилиясы жазылып тұр, оның үстіне менің немеремнің фамилиясы, аты-жөнін жазып қойыпты. Және бұл құжатты 1 күнде ғана жазған. Мен экспертизаға берсем осы құжаттың өтірік екенін дәлелдеп шығады балам.

Балаға вакцина жеке, мемлекеттің тапсырысымен жұмыс естітейтін емханада салынған. Алғашқы күндері ешқандай теріс әсері байқалмапты. Дегенмен бұл вакцинаның күші 10-15 күн бойы сақталады. Мұны Орталықтың директоры да растап отыр. Ал нәресте екпеден кейін 8-ші күні қайтыс болған. Бірақ бұл екі жағдайдың бір-біріне еш қатысы жоқ, дейді мекеме басшысы.  

Гүлмира БИКЕТОВА, "ЖАНҰЯ" ЖШС ОТБАСЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Балаға екпе саларда ешқандай қарсы көрсетілімдер болған жоқ. Ода сирек кездесетін кардиомиопатия патологиясы болғаны кейін анықталды. Бала өліміне сол себеп болды. Ол ауруды анықтау өте қиын, дәл 9 айлығында байқалып жатады.


Ал бұл мәселенің ақ-қарасын анықтауы тиіс Министрлік мамандары әзірге тексеріс жұмыстарын бастай алмаймыз деп отыр. Өйткені ата-анадан ешқандай өтініш-арыз түспеген.

Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН Қ. ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:

 
Папасымен сөйлескенде өтініш сұрадық. Өтінішті қалай жазатынын, барлығын түсіндіріп бердік. Енді кеше де хабарластым, ол кісі маған барлық құжаттарды жинап болған соң біздің атымызға өтініш жазамыз деді. Өтінішін біз қабылдап аламыз, содан кейін прокуратурада тіркеп, мұқият тексеріс жүргізілетін болады.

Ата-ана арыз жазатындарын айтты. Бірақ тексеріс жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ал педиатрлар баланы екпеге апарарда ата-аналарға бірқатар кеңес береді. 

Замира БОРЛЫҚБАЕВА, ПЕДИАТР:
 
Әрбір ата-ана екпеге апарар алдында баланың жалпы жағдайын, көңіл-күйін, оның алдынғы күні қалай ұйықтағанын, тәбетін, мінез-құлқында өзгерістері жоқ па, дене температурасын бақылау керек. Және өте маңыздысы жанұя мүшелерінің де дені сау болы керек сол кезде. Дені сау балаға және жанұясында ешкім ауырмаған балаға ғана екпе жүргізілуі керек.

Ә. Өмірзақ