Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда «Ауыл-Береке» базарының кәсіпкерлері кассалық апарат қоюға қарсылық білдірді

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2019
  • 3629

Таразда тағы да базардағы бұқара бас көтерді. Бұл жолы «Ауыл-Береке» базарының кәсіпкерлері кассалық апараттар қоюға қарсылық білдірді. Айтуларынша, салық органдары сатушылардың табысының  2 пайызын алатын патент жүйесін жоймақ. Оның орнынан келесі жылдың басынан бастап жоғары пайызда салықтық алым алатын аппараттар қоймақ.   Жаппай көтерілген жүзге жуық кәсіпкердің мәселесін Данияр Әлімқұл жалғастырады.

Жергілікті билікке базыналары бар базар сатушылары «Ауыл-Берекедегі» саудадан береке қашты дейді. Біресе базарда бомба бар деп дабыл қақса, біресе өрт шығады деп өкпелі. Енді кеп кассалық аппаратты қою арқылы қаржымызға қол салмақ дейді. Онсыз да сауда жоқ деп опынған сатушылар табысының 3 пайызын  салыққа бөліп беруге қарсы.   

САТУШЫ:
 
Ешкім түсінбейді, бұлардың бәрі келіп алып, кассалық апарат дейді. Қане, қайссың қоя аласыңдар кассалық апаратты? - Қоя алмаймыз, қоя алмаймыз! - Қарсысыңдар ма? - Қарсымыз, қарсымыз. Ал, не?

САТУШЫ:

Болмайтын аздаған тауармен тұрған адамдар бар. Олар сонда қалай кассалық аппарат алады. Депуттаттар қайда қарап отыр, неге осы халықтың ортасына шығып, неге бір көрмейміз. Салықшылар ғана жүреді. Жылы кабинеттеріңізде отырсыздар, ақ көйлек, алтын сағат тағып, біздің сөзімізді сөйлейтін кім бар сонда? 

 
Қалалық салық басқармасындағылар 1 қаңтардан бастап патен түрінде салық алымы болмайды деп түсіндірді. Олар осыны айтып, екі айдан бері елге түсіндіру жұмыстарын жүргізген.  Оның үстіне кассалық апараттар мен  оның электронды  кілтін ашып беру үшін  базар әкімшілігінен кеңсе де ашыпты.  Алайда, ешкім бұған құлық танытпайды дейді.

Ғани СЕЙДУАНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Бірінші қаңтардан бастап декларацияға көшу керек. Бұрын патентте табысының 2 пайызын салыққа төлеп келген, қазір енді «упрощенка» дейтін оңайлатылған декларацияға көшкен жағдайда 3 пайыз төлейді. «Кассалық аппаратты койсақ біздің табысымызды көріп қояды» деген мағынада олардың ойларының бәрі. Телефондарына тегін қойғызып алса болады. Қалтасы көтеріндерге 55-60 мыңнан кассалық апараттар сатып жатыр мұнда фирманың өкілдері.

Қазір құзырлы орындар   «Ауыл-Береке» базарындағы 3 мыңнан астам кәсіпкерлердің тең жарымында кассалық аппарат жоқ екенін анықтаған.  Енді олар  қаңтар айының басынан бастап сатылған тауарлардың саны мен бағасын белгілеп басып отыратын құрылғылдарды қоюға  міндеттеліп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
 
Салық басқармасы басшысының орынбасары кассалық аппарат қоймаған кәсіпкерлерге 50 АЕК айыппұл салынатын ескертті.  Бірақ, базардағы бұқараның бұған да көнетін түрі жоқ.

Д. Әлімқұл