Русский Сайттың толық нұсқасы

2025 жылға дейін 200 кәсіпорын толығымен цифрлануы қажет

  • AstanaTV
  • 13 желтоқсан 2019
  • 2426

2025 жылға дейін 200 кәсіпорын толығымен цифрлануы қажет. Бүгін елдегі үздік тауар өндірушілерді марапаттау жиынында Қасым Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы «Алтын сапа» сыйлығының иегерлерін марапаттап, отандық өнімдерге көрсетілетін қолдау жайында айтты. Биыл алғаш рет, дизайнерлер де бақ сынады.

Елорданың төріне елдің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіпкерлер бүгін әдеттегідей инновациялық идеяларды талқылауға келген жоқ. Бұл жолғы жиынның олар үшін орны бөлек. Себебі, жыл бойғы еңбегі еленетіп, үздіктері анықталатын сәт.

Жүзден жүйрік шыққандарды» анықтайтын мәреде биыл алғаш рет үздік дизайнерлер марапатталды. «ALTYN OIMAQ» байқауында, бақталастарын шаң қаптырған 10 жастағы Айнагүл жұртты сүйсінтті. Ол қазақи ою-өрнектен балалар сырт киімін тігеді. Жас кәсіпкердің қызығушылығына ата-анасы қолғабыс етіпті. Ол бүгін ерекше туындылары үшін 1 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Айнагүл МАЗИНОВА, «ALTYN OIMAQ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

Мен басынан өзімнің брендімнің қай жақта тұратынын ойлап, 800 мың теңгені қалдырып қоямын. Ал қалғандарын отбасыма сыйлық сатып аламын.


«Алтын сапа» ұлттық байқауына биыл 107 кәсіпорын қатысты. Шағын бизнес бойынша - 39, орта кәсіптен - 44, ал ірі бизнестің 24 өкілі бақ сынасты. Сый-сияпатқа ілінбей қалғандар да жоқ емес. Ғаламтор желісіне қосылатын құрылғыларды құрастырумен айналысатын кәсіпорын, биыл үздіктер қатарында жоқ. Алайда, нарықта болғанына небәрі 2 жыл болған зауыт бұл үшін еш мойымайды.

Махаббат МҰСАБЕКОВА, «DIGITAL SYSTEM SERVICE» ЖШС ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанда цифрлық технологияларға күмәнмен қарайтындардың бары рас. Алайда, біз мойымаймыз. Сұраныс бар. Өйткені, қазір ақпараттың заманы. Интернет әрбір үйде болуы қажет. Біз сол сұранысқа қарай жұмыс жасаймыз. 

 
Сандық технологиялардың дамуына мемлекет басшысы да ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі 200-ге жуық кәсіпорын 2025 жылға қарай толығымен цифрлануы қажет деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл, әрине, күрделі міндет. Бірақ ол Үкіметке және барлық атқарушы органдарға пайдалы болады. Нәтижесінде технологиялық дамудың бүгінгі деңгейінен ақылды өндіріс құру деңгейіне көшуі тиіс.

Үздік болуға әркімнің-ақ бар таласы. Сонымен, көптен күткен сәт те жетті. «Алтын сапа» сыйлығына биыл қызылордалық күкірт қышқыл зауыты лайық деп танылды. 2007 жылдан бері нарықта жүрген кәсіпорынның бұл алғашқы марапаты. Толығымен цифрландырылған жоба электр энергиясын да өндіреді. Бүгінде 300-ге жуық жаңақорғандықты жұмыспен қамтып отыр.

Мәдіхан БЕКЖАНОВ, «СКЗ-U» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл үлкен жауапкершілік деп айтаймын, мен өзім. Бізге де, маған да, жаңағы ұжымға да. Жаман жұмыс істеуге «правамыз» жоқ деп есептеймін өзім. Президент қолынан алған соң, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Сенімді ақтаймын деп есептеймін.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:


Отандық өнімнің бәсекеге сай болуы мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған ұлттық награда осымен 13-рет ұйымдастырылып отыр. Ең алғашқы жылы "Алтын сапа" сыйлығына 50-ге жуық кәсіпорын таласса, биыл оның саны 200-ден асады. Бұл - ұлттық брендтті әлемдік нарықта танытқысы келетіндердің де артқанының дәлелі.

А. Мүтәлі