Русский Сайттың толық нұсқасы

Торғайда газ баллоны жарылып, тоғыз адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2019
  • 5026

Қостанай облысы Жангелдин ауданында жойқын жарылыстан екі отбасы қара жамылды. Оқыс жағдай Торғай ауылындағы тұрғын үйде болған. Газ баллоны жарылып, төрт адам көз жұмды. Қатты дүмпуден ауыр жарақат алған тағы екі адам ауыр халде ауруханада жатыр. Зардап шеккендер жедел санитарлық авикөлікпен елордаға жеткізілді. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Оқиға он бесінші желтоқсан күні Торғай ауылында болған. Байқадам көшесіндегі тұрғын үйді ағайынды екі отбасы тұрып келген. Жойқын жарылыстан  баспананың төбесі опырылып, алапат думпуден алау тұтаныпты. 150 шаршы метр аумақ отқа оранған. 4 адам көз жұмды. Оның екеуі жасқа да толмаған сәбилер.

Зертхана  тұжырымына сәйкес тұрғын үйдің жылыту пешінен ақау анықталған жоқ. Электр сымдары да тұйықталмаған. Өрттің шығуына газ баллонының жарылысы себеп болды дейді,-төтенше жағдайлар департаменті.

Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Жалғыз бір себеп газдан. Газдың жарылысы. Қыс мезгілінде газ баллонды толығынан толтырмау керек. 80 пайыздың маңайында толтыру керек. Өйткені қыста көлемі азаяды да газ көп сияды.Сосын жылы жерге кіргізген кезде көлемі көбейеді де газ шыға бастайды.


Өрт кезінде 5 кісі жарақат алған. Оның үшеуі бала, екеуі ересек адам. Зардап шеккендердің төртеуі жедел санитарлық авикөлікпен елорда емханасына жеткізілді.

Данияр ЖАНДАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Науқастарды алғашында  екі кезеңмен Арқалық қаласына апардық.Содан кейін республикалық санитарлық авиа желісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаларға жеткізілді.

Дәрігерлер балалардың денсаулығы қалыпты дейді. Алайда 33 жастағы отағасы мен 22 жастағы жас келіншектің жағдайы ауыр.

Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 70 пайызын күйік шалған. Ақ халаттылар  ауыр халде жатқандарға қатысты қандай да бір болжам айта алмай отыр.

З. Санай