Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда қала шетіндегі бірте-бірте мүжілген жар тұрғын үйлерге дейін жеткен

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2019
  • 2158

Петропавлда қала шетіндегі жар бірте-бірте мүжіліп, тұрғындарға қауіп төндіруде. Жылдан жылға опырылып, ұлғайып келе жатқан сай тұрғын үйлердің ауласына кіре бастаған. Осыған байланысты қала шетіндегі тұрғындар дабыл қағып отыр. Өз өміріне алаңдаған жұрттың жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты.

Қала тұрғыны Александра Алмазованың үйі шаһардағы апатты баспаналардың бірі болып саналады. Өзен жағасындағы жар бірте-бірте мүжіліп, үйдің іргетасына дейін жеткен. Баспана иесі сайға құрылыс қалдықтарын үйіпі.  Алайда, опырыла беретін топырақтың тоқтайтын түрі жоқ, дейді ол. Сондықтан жас отбасы қонысын тастауға мәжбүр.

Александра АЛМАЗОВА, ТҰРҒЫН:

Алты жылдың ішінде жар төрт метрге жылжып кеткен. Мен билікке шағымданған соң, олар екі жыл бұрын маған уақытша пәтер берді. Қазір сонда тұрып жатырмын. Апатты үйлердің кезегіне тұрдым. Бірақ, кезектің қарқыны тым баяу. Бес жылдың ішінде он орынға ғана жылжыдым.

Шаһар шетіндегі санаторий қызметкерері де жардың қарқынды түрде жылжып жатқанын растап отыр. Ордан бес қабатты ғимаратқа дейін небары 20 метрдей жер қалған. Осының кесірінен балалар мен қарияларды емдейтін мекеме өз болашағына алаңдап отыр.

Людмила СИЗИНЦЕВА, САНАТОРИЙДІҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
 
Жар жыл сайын шамамен бір метрден құлап жатыр. Бірнеше жылдан кейін санаторийді тастауға тура келеді. Талай мемлекеттік органдарға жолықтым. Бірақ құзырлы тараптар шарасыз отыр.

Жергілікті билік жардың жобалық сметалық құжаттамасын сонау 2017 жылы әзірлеп қойғандарын айтады. Алайда, жобаны жүзеге асыруға қаржы қолбайлау, деді.

Бақыт ІЛИЯСОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:

Жардың шамамен бір жарым шақырымдай бөлігі жөндеуді талап етеді. Құлағалы тұрған жерді ойып, бетонмен күшейту керек. Бұл жұмысқа 1 миллиард 320 миллион теңге қаражат қажет. Қала мен облыс бюджеті мұны көтере алмайды. Сондықтан республикалық бюджеттен күтіп отырмыз. Жобалық сметалық құжаттың мерзімі 2020 жылы аяқталады. Сондықтан қаржы ендігі жылы бөлінуі мүмкін.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Биік жар Жеңіс саябағында серуендеген жұртқа да қауіп төндіріп отыр. Өткен айда ғана 30 метрлік сайға мектеп оқушысы құлап кетіп, абырой болғанда, аман қалды. Қала тұрғындары биліктен өзен жағасын көркейтіп, қоршау орнатуды сұрайды.

А. Құрманкин