Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2019
  • 3137

"Мәселе тек саясатта ғана емес, қарапайым адами құндылықтарға да байланысты". Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Жиында қоғамдағы өзекті мәселелер сөз болды. Бюджет, зейнетақы, жер телімі, Парламенттік оппозиция жасақтау туралы бастамалар да көтерілді. 1-қаңтардан бастап, мемлекеттік қаржының қай салаға жұмсалып жатқаны ғаламторда ашық жарияланады. Демек кез-келген адам оны бақылай алады. Жиынға қатысқан Әлихан Асқарұлы тақырыпты жалғастырады.

Есеп комитеті тек құзіретті органдарға ғана емес, енді халыққа да есеп береді. 2020 жылдан бастап кез-келген тұрғын қазынадағы қаржы туралы мәліметті ұялы телефон арқылы біле алады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлттық Банк Ұлттық Қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан сайын жариялап отыруы тиіс. Сонымен бірге, айырбас кестесі де жарияланады. Ақша-несие саясатының стратегиясы қабылданады. Микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылады.

Кеңесте қозғалған мәселеленің бірі - жер телімдеріне қатысты. 2020 жылы игерілімей жатқан жер учаскелеріне космостан мониторинг жасалып, иелеріне салынатын салық 20%-ға өседі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы орын алатыны болды. Осындай жағдайда жерді ешкім пайдалана алмай, бос қалады. Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы тиіс.

Жиында митинг жайы да сөз болды. Енді оған арнайы жер ұсынылады, көшбасшы бекітіледі. Осыған сай заңға толықтырулар енгізілмек. Бұдан өзге, Мемлекет басшысы елде Парламенттік оппозиция болуы керектігін айтты. Қабылданатын заң сонда ғана жан-жаңты талқылаудан өтеді.

Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Балама ой-пікір Парламентте естіле бермейді. Көптеген заңдар тез арада 100% дауыспен қабылданып жатады. Жалпы бұл меніңше онша дұрыс емес. Бұл осындай Парламенттік саяси мәдениеттің қалыптасуының көрсеткіші.


Мемлекет басшысы Парламенттегі пария мүшелерінің құрамына жастар мен әйелдер қауымын көптеп тарту міндетін де қойды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет. Басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек.


Тағы бір маңызды мәселе - зейнетақы жүйесін жаңғырту. Жұмыс берушілердің міндетті 5% зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты пікірлері сан алауан. Сондықтан, бұл шаруа 2023 жылға шегерілді.

Ә. Асқарұлы