Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда қаласының маңындағы Қызылжарма ауылының көшелеріне асфальт тұрмақ тас та төселмеген

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2019
  • 7021

Қызылорда қаласының маңындағы Қызылжарма ауылының көшелеріне асфальт тұрмақ тас та төселмеген. Жауын-шашын болған күндері тізеге дейін батпақ кешеміз деген жергілікті халық арнамызға хабарласып, жанайқайын айтты. Айтуынша, балаларының мектепке қатынауы да қиындап кеткен. Қысы-жазы мектепке қосымша аяқ киіммен баруға мәжбүр. Халық жергілікті билік өкілдеріне жүгінгенімізбен проблеманың шешілетін түрі жоқ дейді.

Индира ЕСМАҒАНБЕТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің өзіміз 11-нші көшеде тұрамыз. Біздің арғы жағымызда 5-6 көше бар. 15 шақты көшеде мүлде жол жоқ. Балшықтан балалар мектепке бара алмайды. Мысалы, өзімнің үйде оқитын мүгедек қызым бар. Мектептен мұғалімдер келе алмады. Толыққанды бізге жауап бермейді. Істеп береміз деп уәде береді. Неше жыл болды уәде беріп жатқанына.


Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Осы мәселеге байланысты Қызылорда облысы Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейіловке хабарластық. Сәлеметсіз бе, Медет Есдәулетұлы. Айтыңызшы 90 жыл бұрын құрылған ауылда жол проблемасы неліктен шешімін таппай келеді?

Медет СЕЙІЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:


Жалпы Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылдық округі бойынша бүгінгі күнде 7500-дің үстіндегі халық тұрады. Жаңа тұрғынымыз көтерген мәселелер Қызылжарма-2 жаңа тұрғын ауданы болып саналады. Ол жерде жаңадан қоныстанушылар. Бүгінгі күнде ол жерде 150-дің үстінде тұрғын үйлер бар. Дегенмен, осы уақытқа дейін Қызылжарма-2 тұрғын ауданында газ бен су мәселесі шешілген. Бгінгі таңда электр жүйелері жүргізілуде. Ал, енді жолдар алдағы уақытта шешілетін болады.  Дегенмен, бұл кісінің көтеріп отырған мәселесі мынадай, жаңадан қоныстанғандықтан халық кейіннен 2011-2012 жылдардан бері қоныстанды ол жерлерде. Сондықтан, алдағы уақытта ол жұмыстар жүргізілетін болады.


Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Ауылға жол салу жоспарда бар ма? Мәселе қашан шешіледі?

Медет СЕЙІЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қызылжарма-2 тұрғын ауданының жол мәселесі бойынша, жалпы 2018 жылы Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі арқылы жобалық сметалық құжаттар жасалған. Мемлекет сараптауынан өткен. Жалпы, жоба құны 94 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні керекті қаражатқа бюджеттік өтінім Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі арқылы жасалып, облыстық басқармаға ұсынылып отыр. Енді, Құдай қаласа 2020 жылы қаржы бөлінген жағдайда Қызылжарма-2 тұрғын ауданының жол мәселесі шешіледі деген үміттеміз.

Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Бізбен бірге байланыста болған Қызылорда облысы Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов. Көрерменіміздің мәселесін жақын арада шешіп бересіздер деп сенеміз. Біз де бұл мәселені бақылауда ұстаймыз. Сұхбатыңызға рахмет! Қымбатты көрермен, сізді де алаңдатқан мәселе болса, хабарласыңыз! Біз сізбен бірге жауабын іздейміз. Егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмір арқылы хабарласып, видео немесе аудио жолдасаңыз болады.

А. Данияр