Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жарты жылдан бері жалақы алмаған жұмысшылар шу шығарды

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2019
  • 2841

Төленбеген жалақы төзімді тауысты! Алматыда жарты жылдан бері жалақы алмаған жұмысшылар бүгін осылай деп шу шығарды. Қарағанды облысының Майқұдық ауданында көпір тұрғызғандар басшыларының құрғақ уәдесінен шаршаған.  Ал жұмыс беруші компания өкілі, бұл жолы да бар мәселе апта соңында шешіледі деп сендірді. Жұмысшылардың базынасын тілшіміз Әсем Лесбек тыңдап қайтты.

Таңмен таласа тұрған құрылысшылар үшін мына мекеменің алдына жиналу әдетке айналған. Олар бұл жолы да базынамызға бас қатырмайтын басшымыздан жауап алуға келдік дейді. Өйткені, жұмысшылардың әрқайсысына жұмыс беруші компания кемі 200 мың теңге қарыз көрінеді.

Ескендір САИД, ЖҰМЫСШЫ:

Екі жүз бен миллионға дейіндері бар. Ескі айлықтарымен қосқанда миллионға дейін жиналған. Бригадада бізде жиырма шақты бала, солардың 15-і айлық ала алмады. Үш ай мен айлығымды алған жоқпын. Жақында ғана шешем қайтыс болды, өмірден өтті. Соның қонақ асы бар, жылдығы, бейшенбіліктері бар. Соған дастарханға қоятын ештеңкем жоқ.

Құрылысшылар жарты жыл ішінде Қарағанды облысының Майқұдық ауданындағы үш көпірдің құрылысын бітіріпті. Темірбетондармен арқалықтарын тұрғызған олар күн-түн демей тер төккендерін айтты. Жұмыс беруші компания болса, азаматтарды келісім-шартпен қабылдапты.

Мақсат ДОСӘЛИЕВ, ЖҰМЫСШЫ:

Біз жұмысымызды уақытылы істедік. Мен водитель -механизатор болдым. Бар дейтін жеріне барып, таситынның бәрін тасып бердік. Қарағандының қасында Майқұдық деген аудан бар. Ол жерде 5 көпір бар. Оның үшеуін жасадық.

Ерлан ДУМУШЕВ, ЖҰМЫСШЫ:

Постоянно айтатыны бір сөз бұлардың ертең, ертең. Ертеңге сенуден қалдық біз. Бізге ақша керек, біз сұрамаймыз, біз талап етеміз. Көпірге шығамыз, транспаранттар жасаймыз. Басқа амал жоқ. Немесе көпірден секіреді.


Өйткені жарты жылдан бері адал істің ақшасын көрмегендер қарызға белшелерінен батқан. Наразы топ, жаңа жылға дайындалу былай тұрсын отын-су мен тамақ алуға қаражат жоқ дейді. Әр келген сайын жігіттерді құрғақ уәдеге қарқ қылатын компания директоры бұл жолы оларға басқаша сөйледі

Сондай-ақ, болған жәйтқа аталмыш бригадаға жауапты маманның кінәлі екенін айтты.

Тимур НАКУСОВ, «РЯЗАНОВ АТЫНДАҒЫ  №25 КӨПІР ҚҰРЫЛЫС ОТРЯДЫ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жұмысшыларға 10-15 миллон теңгеге дейін берешегіміз бар. Оны мойындаймын. Бар кінә, бригаданың жұмысын қадағалайтын қызметкерімнің есеп картасын жоғалтып алуында болып отыр. Енді жаңа есеп картасын толтыруға 2-3 күн кетеді. Содан соң ақшаларын береміз.

Десе де кешікпей береміз деген басшылық уәдесіне құрылысшылардың сенгісі жоқ. Айлап сергелдеңге салған айлық екі-үш күнде түседі деген уәдеге үміттерінен гөрі күдіктері басым. Сондықтан олар мәселе шешімін таппаған жағдайда тағы да наразылық білдіруге жиналмақ.

Ә. Лесбек