Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда "Жайық" өзені проблемасына назар аудартқан көрме ашылды

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2019
  • 4734

Ақ Жайықты аялайық! Атырауда осындай атаумен ерекше көрме ашылды. Басты мақсат - өзеннің қазіргі ахуалын жеткізу. "Жайықтың" экологиялық жағдайы,  арнасының жыл өткен сайын тартылуы, су маржандарының азаюы фотосуреттер арқылы жеткізілген. Сауда орталығында ашылған ерекше көрме жайлы өңірдегі тілшіміз баяндайды.

Шөлейтке айналған өзеннің табаны, браконьерлердің ауына шырмалған құс, жағада қалған ескі кемелер. Бұл фотосуреттер "Жайық" өзенінің дәл бүгінгі  шынайы көрінісі. Батыс Қазақстан мен Атырау облысына ортақ су қоймасының экологиялық ахуалы халықаралық деңгейде де көтеріліп жүр.

Нұрсұлтан САДУАҚАСОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕСІ:

 
Өткізіліп отырған көрменің негізгі мақсаты - жұртшылықтың назарын Жайық өзенінің қазіргі кездегі өзекті деген мәселелеріне аудару. Атап айтқанда - өзен арнасының тартылуы, ондағы экожүйенің бұзылуы. Жайық -  трансшекаралық өзен болғандықтан, бұл мәселені ортақтасып, бірігіп шешу керек.

Фотолар арнайы экспедиция кезінде түсірілген. Бұл жұмыстарға орнитологтар, аңшылар, табиғат қорғау ұйымдарының мамандары және Қазақстан, Қытай, Ресей, Тайланд елдерінің үздік фотографтары мен кинооператорлары жұмылдырылған. Экспедиция өзеннің Атырау облысындағы бөлігінен бастап, Каспий теңізіне құяр сағасына дейінгі аралықты қамтыған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жайық толықтай тартылып кетсе Атырау қаласы экологиялық проблемалармен бетпе-бет келуі мүмкін. Соны ескерген экспедиция мүшелері ең проблемалы аумақтарына назар аударуды көздеген. Мәселен мына аумақта суды тартылғандығы сонша адамдар өзенді жаяу кешіп өтетін жағдайға жеткен.

Ерекше көрменің сауда орталығында ашылуы да кездейсоқтық емес. Мәселеге қала тұрғындарының да назарын аударту көзделген. Өзеннің мұншалықта қамқорлыққа зәру екенін енді байқап жатырмыз - дейді орталыққа келушілер. 

Сұлтан ҚАЙЫРЖАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
"Жайық" өзенінің ахуалы нашар екенін білмеппін. Көрмеден өзеннің жағдайы мүшкіл екенін анық байқадым. Суреттерге қарап бұл үлкен мәселе екенін түсіндім.


Көрмеде сондай-ақ Жайық бойында тіршілік ететін  жан-жануарлармен бірге  тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтылған.

Б. Нәдірқызы