Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық кәсіпкерлер тарихи ғимараттарды жарнамадан тазартуға қарсы

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2019
  • 2772

Қызылжарда жергілікті әкімдік тарихи ескерткіштердегі жарнаманы жоюға кірісті. Мемлекеттік құндылығы бар ғимараттардың қасбеті плакатардан тазартыла бастаған. Алайда, ол жерде кәсібін дөңгелетіп отырған іскерлер бұл бастаманы қолдамайды. Айтуларынша, әкімдіктің реформасы бизнестің өркендеуіне тұсау салуы мүмкін. Жарнама дауы жайында аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Қызылжарда  мемлекеттік құндылығы бар жүзден астам ескерткіш бар. Оның басым бөлігі - 19-20 ғасырда бой көтерген ғимараттар. Бүгінде тарихи нысандардың көбі сауда және түрлі қызмет көрсету саласында қолданылуда. Сондықтан ғасырлық тарихы бар ғимараттардың жан-жағы жарнамамен қапталған.

Қызылжардық кәсіпкер Андрей Исаков 25 жылдан бері сауда-саттықпен айналысып келеді. Бүгінде ол облыс бойынша оннан астам ірі супермаркет ашып, алпауыт бизнесменге айналған. Бұл саланың қыр-сырын меңгерген маманның айтуынша, сауда жарнамасыз алға баспайды.

Андрей ИСАКОВ, ГИПЕРМАРКЕТ ЖҮЙЕСІНІҢ ИЕСІ:
 
Бұл тарихи ескерткіштер өткен ғасырда да сауда орны ретінде қолданылды. Біз де оны сауда жүргізу үшін сатып алдық. Жарнаманың көмегімен біз тұтынушылардың назарын тартамыз. Егер ғимараттың қасбеті бос болса, бұл кәсіпкерлердің қалтасынан ұрады.

Жарнаманы жою ісіне әкімдіктегілер биыл ғана білек сыбана кірісті. Қалада алпысқа жуық тарихи ғимарат бар. Заң аясында әрекет еткен жауапты мекеме оларға ескерту жасап, жарнаманы алып тастауды талап етті.

Рахат МАМБЕТАЛИНОВ, ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

2003 жылы шыққан заңға сәйкес тарихи ескеркіштердің сыртына жарнаманы ілуге тыйым салынған. Бірақ, нысанның атын жазуға рұқсат. Жыл басынан бастап жарнаманы алу бойынша 20 ескерту хаты жіберілді. Оның төртеуі әлі шешілген жоқ. Бұйыртса, ендігі жылы тарихи ескерткіштердің сыртындағы жарнамадан түгел құтыламыз.

Шенеуніктердің бұл бастамасы тұрғындардың тарапынан да қолдау тапты. Бұқара жарқыраған жарнаманың әбден мезі қылғанын айтады.

Наталья БУБЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қалада жарнама толып тұр. Ал тарихи ескерткіштер таза қалпында тұру керек деп санаймын. Әсіресе, қаланың орталығындағы ғимараттар.

Людмила СНЕГУРОЧКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргі уақытта жарнамасыз болмайды. Бірақ біз оны телеарна мен ғаламтордан да көріп жүрміз. Ал тарихи ескерткіштердің қасбетін бос қалпында ұстау керек. Әйтпесе олар сәнін жоғалтады.


Ал ірі сауда орындары болса, діттегенінен қайтар емес. Олар жарнама үшін әкімдікпен тіпті соттасуға да дайын екендіктерін білдірді.

А. Құрманкин