Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте құрылғанына төрт жыл толып үлгермеген көлік компаниясы банкрот болды

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2020
  • 2590

Шымкентте жолаушы тасымалымен айналысып келген ең ірі компанияның бірі- сот шешімімен банкрот деп танылды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, аталған серіктестік жүзден астам мекемеге берешек. Оның қордаланған қарызы - 3 млрд теңгенің үстінде. Қала ішінде қызмет көрсететін қоғамдық көлік қызметі неге құрдымға кетті? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Бұл кадрлар 2015 жылдың басында түсірілген. Шымкентке жеткізілген су жаңа автобустар жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөледі. Іші кең қоғамдық көліктердің вай-файы шаһардың атқамінерлерін де қызықтырғаны есте.

Легімен келген автобустар сол кезде кейбір көлік компанияларын нарықтан ығыстырғандай да болған. Бірақ экологиялық жағынан таза көліктерді нарыққа әкелген компания өзін-өзі ақтамаған секілді. Өткен қарашаның басында автобус паркінің қожайыны өздерін банкрот деп тануын сұрап, сотқа арыз тастапты. Серіктестік 102 мекемеге берешек, деді судья.

Гүлвира ЖОЛБАРЫС, ҚАЛАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Қарыз берешегі 3 млрд 306 млн 686 мың 402,93 теңге қарызы бар кредиторлардың алдында 102 кредитордың алдында, осыған байланысты өзінің серіктестіктің атында дүние мүлігі жоқ. Автокөлігі, жылжитын-жылжымайтын мүліктері жоқ. яғни мекеменің атында бір ғана ғимарат бар. Ол ғимарат бағалау есебіне сәйкес ол ғимарат 450 млнға ғана бағаланған.

Алайда сотқа алашағы бар мекеменің санаулысы ғана қатысыпты. Қарыз көлемі де әртүрлі. Ең көбі салық, ол 1 млн теңгенің үстінде. Бұдан бөлек қосалқы бөлшек жеткізушілер мен сақтандыру компаниясы да қарызын өндіре алмай жүргендер тізімінде. Ал төрт жыл бұрын алаулатып-жалаулатып ашылған серіктестік өкілдерімен жолығудың сәті түспеді. Көрсетілген мекен-жайда мүлдем басқа мекеме орналасқан. 

Бізге белгілі болғанындай, банкротқа ұшыраған компанияның автобусын өзге мекеме жалға алған. Жолаушы тасымалына жауапты басқарма өкілі  аталған компаниямен келісім-шарттың өткен қыркүйекте бұзылғанын мәлімдеді.

Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

«Green bus» компаниясымен келісім шарт бұзылған. Ол тасымалдаушы ретінде қазір есептелмейді. Ол қаладағы бағыттардың жұмысына әсер еткен жоқ. Қазір қызмет көрсетіп жатыр. -Не себепті?- Ол екі жақтың келісім бойынша компания «Green bas» компаниясы өзі қызмет көрсете алмайтындығын хабарлады, соның негізінде келісім-шарт бұзылды. 

Сот шешімі қаңтардың соңында күшіне енеді. Айта кетейін, сот өкілі аталған компанияның банкрот деп танылуы оның жойылғаны емес деп отыр. Заңға сәйкес аяқтан тұрып, барлық берешегін өтеуі үшін алдағы бір жыл көлемінде жоспарлы түрде оңалту шарасы жүреді деді. 

А. Төребекқызы