Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордадағы «ZEIN» жеке медициналық орталығы іске қосылмай тұр

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2020
  • 2825

Нұр-Сұлтандағы «Зейн» жеке медициналық орталығы жұмыс істемей тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сайлаушылармен кездесуі кезінде белгілі болды. Орталық директоры барлық құжаттар әзір болғанымен, әкімдік рұқсат бермей жатқанын айтты. Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Жаңа емхананың ашылуын күтіп жүргендер көп. Солардың бірі - Балташ Амрашев. 70 жастағы зейнеткер гипертонияға шалдыққан. Тұрғылықты жері бойынша осы емханаға тіркелгендіктен, басқасы қабылдамайтын көрінеді. Қартайған шағында сан-саққа сабылған қарияның емхана ашылғанын күтіп жүр.

Балташ АМРАШЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Тегін дәрі-дәрмекке де жарымай отырмыз. Емхананың ашылуын осынша уақыт күттік. Бірақ, әлі күнге ашылмады. Бұл не деген бассыздық?


Емхананың жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталған. Орталық басшысы барлық құжаттарды да әзір екенін айтты. Тиісті мекемелерге де шағымданған.  Қазір емханаға 300-ге жуық адам тіркелген. Денсаулық сақтау басқармасы оны 1700 адамға жеткізуді тапсырыпты.

Салтанат ДЖЕНОЛАЕВА, «ZEIN» МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Халық сапалы медициналық көмек алуы қажет. Осы мақсатта аурухана ашуды көздедік. Құрылыс жұмыстарының аяқталғанына да біраз уақыт өтті. Бірақ, денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдіктен әлі рұқсат ала алмай отырмыз.

Мәжіліс депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі Гүлжан Қарғұсова мәселені бақылауына алатынын жеткізді.

Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз ештеңені күтпей, бірден барлық бағыт бойынша хат жолдаймыз. Денсаулық сақтау министріне, вице-министр және әкімдіктерге. Егер ол да жеткіліксіз болса, депутаттық сауал жолдайтын боламыз.

Қазір емханада 10-ға жуық маман жұмыс істейді. Орталық басшысы медициналық мекеме іске қосылса, білікті мамандарды тартуды көздеп отыр.

Ғ. Өтемісов