Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы қорыққа заңсыз кірген бір топ шенеунік жауапқа тартылды

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2020
  • 4909

Ақтөбенің Ырғыз ауданында Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватына заңсыз кірген бір топ шендінің басы бәлеге қалды. Ерекше табиғи қорғаудағы аумаққа  балық аулай барғандардың ішінде судья, прокурор тіпті білдей бір ауданның әкімі де болған көрінеді. Олар қандай жауапқа тартылады? Бақыт Рахметованың материалында.

Оқиға үшінші қаңтар күні болған. Ырғыз -Торғай мемлекеттік резерватына заңсыз кіргені үшін бірқатар шендіні рейдке шыққан инспекторлар ұстаған. Олардың көліктерінен жеті балық, мұз ойғыш, қармақтар тәркіленген.

Анар АЙТЖАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ақтөбе облыстық сотына Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан Ырғыз ауданы, Нұра ауылдық округінің «Ақман» мемлекеттік қорығының күзетілетін аумағына рұқсатсыз кірген адамдарды ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Олардың ішінде Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ерлан да көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.


Бір миллион 200 мың гектар аумақты алып жатқан резерват шекарасында әрбір 7 шақырым сайын «тыйым салынған аумақ» деген белгі қойылған. Соған қарамастан аумаққа кірген шенділердің қатарына аудан прокуроры да болыпты.

Өркен ЕЩАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
 
Соның ішінде Ырғыз ауданының прокуроры Сағындықов Айдос болған екен. Осы дерек бойынша Сағындықов Айдос Әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 380 бабымен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша екі айлық есептік көрсеткіш бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.

Қазіргі күні бұл аудан прокурорын тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін қызметтік тексеру басталған. Бұл жеті шенеуніктің ішінде судья мен прокурордан бөтен Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері, Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы бар көрінеді.
 
Әнуарбек БЕРМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
 
Аудан әкімі болғаны рас деп айта алмаймын. Алайды осы кісілердің айтуы бойынша болған деп болжам есебімен біз жаңағы Ішкі істер бөліміне баянат есебіне осы адамдарды анықтау мақсатында баянат бергенбіз

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

 
Бұл тыйым салынған аумаққа заңсыз кіргендердің арасында аудан әкімі болған-болмағаны енді анықталып жатыр. Басқа жетеудің ішіндегі біреуінің үстінен қылмыстық кодекстің 383 бабымен яғни тыйым салынған жерде заңсыз балық аулағаны үшін іс қозғалған. Бірақ көп шенеуніктің бірі емес, жұмыссыз адам екені белгілі болды.

Б. Рахметова