Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары баспанадан қағылды

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2020
  • 3565

Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 176 салымшысы қолдарына тигелі тұрған кілттен қағылды. Салы суға кеткендердің айтуынша құжат жүзінде рәсімделіп қойған пәтерлерін жергілікті әкімдік қайтарып алған. Жаңа пәтерге кіруі тиіс жұрттың базынасына Айзада Төребекқызы құлақ түрді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары сарыла күткен үйлер осы. Мұндағы көп қабатты төрт үйден халық келісім шарт негізінде өз пәтерлерін таңдап та үлгерген. Жылдар бойы ақша салған жұрт жаңа жылды жаңа қоныста тойлаймыз деп үміттенген екен.
 
Жаңа қонысқа әні-міні кіруі тиіс болғандардың бірі бес баланың анасы  -Сапаркүл Бекет. Он жылдан бері балаларының аузынан жырып ақша құйып келген. Мектепте мұғалім. Ай сайын 70 мың теңге құйып келген.   

Сапаркүл БЕКЕТ, САЛЫМШЫ:

Әкімшілік қайда қарап отыр?! Неге онда договорды түзеді, келісім шартты неге түзеді, бізге неге үй таңдатады? Біз кәдімгідей үміттеніп қалдық қой уже, кіреміз міні-міні бүгін жаңа жылға дейін кіреміз деп отқан, кілтімізді аламыз деп отырмыз. 

Ақмарал АБИЕВА, САЛЫМШЫ:

Бізге именно осы үйлер, орналасқан жері Нұрсәт ықшам ауданында және үйлердің өзі ұнағандықтан біз осы конкурсқа қатысып, осы пәтерлерді таңдап тұрмыз, сол үшін алып тұр едік.

Бас-аяғы 176 салымшының салы суға кеткен. Келісім-шарттары бар, бірақ баспаналары жоқ. Қайсыбірі тіпті бастапқы 20 пайыз қаражатын да толтыру үшін несие алыпты. Ашынған жұрт банк басшыларына тап берді. 

Банктің өңірдегі филиал директоры бұл өзгеріс жергіліктің биліктің ресми хаты негізінде жасалғанын жеткізді.

Құдайберген СЕЙІТМАМБЕТОВ, "ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ" АҚ ШЫМКЕНТ қ. ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


27- ноябрьде біз әкімшіліктен хат алдық, осы сіздерге берілетін былайша айтқанда кредитный жилье дейді ғой, соны мына Президенттің тапсырмасымен жастарға, көп балалы, жалғызбасты, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған семьяларға береміз деп.

Банк өкілі салымшылар үйсіз қалмайды деп сендірді. Алайда ол баспаналардың нақ қашан бұйыратынын кесіп айта алмады. Шымкенттік шенділердің жауабы да жиналғандарды қанағаттандырмады. Неліктен құжаты рәсімделіп қойған баспананы өзге топқа беруге тура келді деген сұраққа жауап алу ұзаққа созылды. Дейтұрғанмен қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр шаһарда бүгін- ертең беретін үй жоқ деп қысқа қайырды.

Ербол САДЫР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір үйдің бәрі жастар мен көп балалы аналарға бағдарламаға сәйкес таратылған. Ол үйлердің барлығын сіздерге ешқандай қайтарып беруге ешқандай негіз жоқ. Әкімшілік сондай шешім қабылданған, жылдың соңындағы барлық үйдің. Одан кейін, жилстройбанк арқылы таратылатын екі үй бойынша қаңтар айында  біз жоспарлап отырмыз, 112 пәтерлі екі үйді , сол екі үйді осы қаңтар айында бітіріп береміз.
 
Ал қалған отбасыларға көктемді күтіге тура келеді. Алайда бір рет баспанадан қағылған жұрт ол үйлерді де тағы алып қоймасына кепіл жоқ деп отыр.

А. Төребекқызы